2024 жылдан бастап білім беру мазмұны мен білім беру ресурстарының сапасын бағалау және сараптау электрондық платформада жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда платформа 90%-ға дайын. Бұл туралы ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі Ж. Нұрбекованың презентациясында белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты білім мазмұнын сараптау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Таныстырылымға Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов, БМСО директоры Назира Абдрахманова, БМСО директорының орынбасары Мәншүк Мұхаметқали және бөлім басшылары қатысты.
⠀
«Орталықта жүзеге асырылып жатқан «Білім беру мен ғылымды модернизациялаудың ғылыми негіздері» бағдарламасы аясында білім беру мазмұнын сараптаудың электронды платформасы әзірленуде. Бұл сараптама жүргізу кезінде оқу әдебиеттерін неғұрлым объективті бағалауға және оларға сапалы таңдау жасауға ықпал етеді. Сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК сарапшыларының мүмкіндіктерін кеңейтеді»,- деді БМСО директоры Назира Абдрахманова.
⠀
Жобаның мақсаты – сараптама жүргізу кезінде объективті шешімдер қабылдау, сондай-ақ нақты уақытта сараптама процесін мониторингілеу үшін сарапшыларды цифрлық сервиспен қамтамасыз ету.
⠀
Айта кетейік, цифрландыру жобасы 2021 жылы басталған еді. Жобаны осы жылдың аяғына дейін толық аяқтап, 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.