Бүгін, 2 қаңтарда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласындағы блок-модульдік қазандықтарды орнату жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласын жылумен қамту мәселелерін уақтылы шешу үшін облыс әкімдігі қуаттылығы 39 Гкал/сағ (45 МВт) болатын блок-модульдік қазандықтар – 9 бірлік сатып алуға және орнатуға облыс әкімдігінен қаражат бөлінген болатын.
– Бірнеше жылдан бері қалада «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясынан жеткізілетін жылу энергиясы тапшылығы сезілуде. Яғни, қуат жеткіліксіз, сондықтан бұл мәселені қандай да бір жолмен шешу үшін біз қуаттылығы 5 мегаватт болатын модульдік қазандықтарды сатып алып, жылу тапшылығы бар жерде орнатуды шештік. Өткен жылы 5 қондырғы сатып алынды, – дейді «Каспий жылу су арнасы» бас инженері Асқар Дүзмағамбетов.
Бірінші кезекте 4 шағын ауданда (13, 15, 28а және 33) 5 блок-модульдік қазандық орнатылады. Бүгінгі күні 2 қазандық іске қосылды (28а шағын ауданы – 1, 2, 3, 4, 5, 23 үйлер, 1 балабақша. 33 шағын аудан – 30, 31, 32 үйлер, «Маңғыстау арена» ғимараты және мешіт).
Екінші кезеңде 3 шағын ауданда (19, 19а және 32а) 4 блок-модульдік қазандық орнатылады. Сондай-ақ 27 желтоқсанда 17-шағын аудандағы қолданыстағы қазандықты жаңғырту жұмыстары аяқталды. Газ құбыры қосылғаннан кейін қазандық іске қосылады. Қазандықтарды орнату нәтижесінде 50-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйлер үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.