«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өңір өндірсіне дем берген кен орындарында мұнайшыларға арналған жаңа жылдық кеш өткізуді биыл да дәстүрден жаңылмай жалғастырды.
Мерекелік шаралармұнайшылар үшін ұмытылмас сәтке айналып, әр еңбек иесі марапат мен сыйлыққа ие болды. Жаңа жыл кеші «Қаламқасмұнайгаз» кенорнында ерекше көңіл-күймен, әсем көмкерілген сахналық қойылымдармен өтті.
Елу жылдың үстінде үзбей жасалған жұмыс пен мұнайшылардың қызу еңбегі - тұтас бір тарих. Бұл - адамдар мен өлке тағдыры. Әр-бір өндірілген барелл мен тонна мұнайдың артында талай мұнайшы буынның аянбай еткен еңбектері, ұйымшылдығы, кәсіби шеберліктері жатыр. Биыл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары 6 380 406 тонна мұнай өндіріп, жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындап шықты. Бұл – майталман мұнайшылардың мол тәжірибесі мен кәсіби біліктіліктерінің нәтижесі. Мерекелік кеште мұнайшыларға өз істеріне деген адалдықтары, күнделікті міндеттерді орындап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі экономикалық жағдайда сала жұмысын жетілдірудің жаңа тетіктерін табуға машықтанған еңбектері, тәжірибелері мен кәсіби шеберліктеріүшіналғыс айтылып, қошемет көрсетілді.
Сахна төрінде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысының бірінші орынбасары, бас инженер Мақсат Нұрғабылов мұнайшыларды жаңа жылмен құттықтап, өткен жылдың жоспары сәтті орындалғанын жеткізді.
«2019 жылды «Маңғыстаумұнайгаз» ұжымы табысты аяқтап отыр. 27 желтоқсан күні Жетібай мұнайшылары мұнай өндіру жоспарын орындаса, 30 желтоқсан күні «Маңғыстаумұнайгаз» бойынша мұнай өндіру жоспары толық жүзеге асырылды. Қаламқас кенорны 31 желтоқсан күні жоспарды аяқтағалы отырмыз. Осы толағай табыстарға қол жеткізуде сіздердің еңбектеріңіз орасан зор. Сіздерге үлкен алғыс білдіремін. Осы түбектің дамуына қосқан еңбектеріңіз еселене берсін. Абыройларыңыз асқақтай берсін, жаңа жылда тек жақсы межелерге жете берулеріңізге тілектеспін. Жаңа жыл қарсаңында жылды қорытындылап, бір жыл бойы толассыз еңбек еткен мұнайшылар марапатталды.Жаңа жыл қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін! Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын демекпін!», - деп тілек білдірді Мақсат Көмекұлы.
«Құрметті әріптестер, мереке құтты болсын! Биылғы межеленген жоспар 3 935 000 тонна қара алтынды игеріп, жоспарды ойдағыдай орындап, жылды қорытындылаймыз. Қазіргі таңда тәуліктік өнім өндіру 10 750 тонна шамасында. Бұл да – жақсы көрсеткіш. Осының бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшыл ұжымның арқасында орындалған жұмыс. Бұл жетістіктердің барлығы мерекеде межеге табан тіреген мұнайшылардың маңдай тері, талмас табандылығының арқасында келген нәтиже.Жаңа келе жатқан жыл табысты, берекелі жыл болғай. Отбасыларымыз аман, деніміз сау, жақсы жаңалықтарымыз көп болсын», - деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының геология жөніндегі орынбасары Бейсенбі Қойшыбаев.
Бұл кеште өз ісінің үздігі деп танылған мұнай өндірудің әртүрлі сала мамандары марапатқа ие болды. Бұл қатарда Үздік мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор болып № мұнай және газ өндіру цехының дәрежелі мұнай және газ өндіру операторыМақсат Қонысов, Үздік қабат қысымын ұстау жөніндегі оператор – Қабат қысымын ұстау цехының №4 қабат қысымын ұстау операторы Аманбек Төлеубеков, Үздік ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор – ғылыми-зерттеу және өндіріс жұмыстары цехы мұнай өндіріс зерттеулерін ғылыми-зерттеу лабораториясының ұңғымаларды зерттеу жөніндегі 5 дәрежелі операторы Ыбырайым Кентанов, Үздік жөндеуші слесарь – жылы сумен қамтамасыз ету және канализация цехының 5 дәрежелі жөндеуші слесарі Мақсат Сүйеуов, Үздік электргазбен дәнекерлеуші – газ өндіру, дайындау және тасымалдау цехының 5 дәрежелі тоқпен және газбен дәнекерлеуші Тұрар Ығалұлы, Үздік токарь – пайдаланыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехының 5 дәрежелі токаріНұрланбекДүйсекешов, үздік лаборант – ғылыми-зерттеу және өндіріс жұмыстары цехының орталық ғылыми-зерттеу және өндірістік химиялық лабораториясының 3 дәрежелі химиялық талдау лаборанты Мариям Кабаева, Үздік мастер №3 мұнай және газ өндіру цехының мұнай және газ конденсат өндіру мастері Серік Нұртаев, Үздік геолог – №3 мұнай және газ өндіру цехы басшысының орынбасары Жомарт Тәжиев, сондай-ақ Үздік тауар операторы болып кешенді мұнай айыру және өткізу цехының 3 дәрежелі тауар операторы Ерлан Жолжанов танылды. Үздік еңбек иелеріне компания басшылығы тарапынан «Құрмет» грамоталары мен жаңа жылдық сый-сияпаттар табысталды.
Мерекелік кештің көркін қыздырған концерттік бағдарламалар мен сахналық қойылымдар мұнайшы қауымына ерекше көңіл-күй сыйлады. Кеш шымылдығы «Айна шоуы» хореографиялық қойылымымен ашылып, көрерменнің көңіл-күйін көтеру үшін әртүрлі конкурстар мен ойын-сайыстар ұйымдастырылды. Тіршілігін мұнай өндіру ісімен байланыстырған еңбекшілер «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды-интерактивті ойынына қатысып, «Маңғыстаумнайгаз» АҚ қызметіне қатысты сауалдар мен логикалық сұрақтардың жауабын табуға тырысты. Сан сауалға жүйелі жауап тапқандар жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды. Ал домбыра, скрипка мен саксафон сынды аспаптардың үнін үйлестірген «БНБ» триосы танымал әндерден попурри орындап, мерекеге жиылған жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.
Жаңа жыл кешінің Аяз ата мен Ақшақарсыз өтпейтіні белгілі. Қаламқастық мұнайшыларды бір сәт балалық шаққа бір сәт оралтқан бұл қойылым да мерекенің сәнін келтіріп, көрерменнің көңіл-күйін көтере түсті.
Жыл бойы еткен еңбектері үшін компания басшылығынан үлкен құрмет пен марапатқа ие болған мұнайшылардың жаңа жылға айтар тілектері де аз емес. «Жаңа Тышқан жылымен барша маңғыстаулықтарды, мұнайшыларды құттықтаймын! «Қаламқасмұнайгаз» басқармасының жылдық жоспары 3 935 000 тонна, тәулігіне 10 750 тонна мұнай өндіреміз. №3 мұнайгаз кәсіпшілігінде жұмыс істеймін. Біздің цехымызда 437 ұңғыма бар. Онда тәулігіне белгіленген 2 мың тонна мұнай өндіреміз. 2003 жылдан бері осы кәсіпшілікте геолог мамандығы бойынша еңбек етіп келемін. Жоспарды уақтылы әрі ойдағыдай орындауға мұнайшылардың еңбектерінің нәтижесі. Барлығына ризашылығымды білдіремін. Еңбегімізді елеп компания басшылығы үздік геолог деп марапаттап жатыр. Бұл да болса мерейімізді өсіріп тастады. Алғысым шексіз», - дейді бүгінгі кеште Үздік геолог деп танылған №3 мұнай және газ өндіру цехы басшысының орынбасары Жомарт Тәжиев.
«Бүгін – ерекше күн. Жыл бойы еткен еңбегімізді бағалап, марапаттап жатыр. Мен осы салада 1991 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Зертханада мұнай шикізаты, суын, тауарлық мұнай, шикі мұнай құрамдарын зерттеуден өткіземіз. Зертханамыз қазіргі заманның ең жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өз жұмысымызды жүргізуге толықтай мүмкіндік жасалған. Жыл бойғы еткен еңбегімізді бағалап жатқан компания басшылығына айтар алғысым көп. Еңбегіміз жемісті, аспанымыз ашы, еліміз тыныш болсын. Ел болашағы үшін аянбай еңбек ете берейік. Қазір, Құдайға шүкір, мұнайшыларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Тегін медициналық көмектер, әлеуметтік төлемақылар қарастырылады. Мұнайшыларға жіті көңіл бөліп отырған Компания басқармасына, өндірістік басшыларға алғысымыз шексіз.Жаңа жыл құтты болсын», - дейді «Үздік лаборант» ғылыми-зерттеу және өндірістік химиялық лабораториясының 3 дәрежелі химиялық талдау лаборанты Мариям Кабаева.
Бүгінгі мерекелік кештің куәсі болған Айгүл Мұхамедиярова да жаңа жылға жаңа күш-жігер беріп, жақсы көңіл-күй сыйлаған компания басшылығына алғыс айтып, әріптестерін мерекемен құттықтады. «Жаңа жыл баршаңызға құтты, берекелі болсын. Кеш өте керемет, жақсы өтіп жатыр. Ойыннан жеңімпаз болып, бағалы сыйлықтарға ие болып жатырмыз. 2020 жыл толағай табыстарға толы жыл болғай», - дейді А.Мұхамедиярова.
Жаңа жылдың мерекелік бағдарламасы «Асар» кенорнында жалғасып тапты. Бұл мерекеде барлық мұнайшылардың сүбелі үлесі бар. Асарлық мұнайшылар да осы жылды толағай табыстармен аяқтады. Айта кету керек, Асар кен орны қазіргі заман талаптарына сай салынған 80 адамдық жатақхана, жасанды шағын футбол алаңы, кітапхана, тренажер залымен жабдықталған.Мұның барлығы мұнайшылардың салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етіп, Асар кенорнының перспективалық жағдайын жақсарту мақсатында жасалған.Осыдан 30 жыл бұрын ашылған «Асар» кенорнында бүгінде 120 жұмысшы еңбек етеді. Мұнда жыл сайын 1500 тонна мұнай өндіріледі. Ескерте кететін тағы бір жайт, осыдан тура бір жыл бұрын Асарлықтар 75 адамдық жаңа асхананың тұсауын кескен болатын. Жаңа заманға сай жабдықталған асхана әлі талай күн демей, түн демей тер төккен мұнайшылардың игілігіне жарайтынына күмән жоқ. Алдағы уақытта да бұл ұйымшыл ұжымның осылай асқаралы асуларды бағындырып, асқақ биіктерден көріне береріне сенемін.Бір өңірдің ғана емес, бүтін бір елдің ырысына айналған байлықтың көзін ашып, өндірістің өрісін кеңейткен майталман мұнайшыларға жаңа жыл кешінде ерекше құрмет көрсетіліп, мерекелік бағдарлама ұсынылды. Әннен шашу шашылып, кеш көркін қыздырған ойын-сауықтық қойылымдар сахналанды. Еңбекпен есейген мұнайшылардың алдағы жылға жоспарлары да аз емес. «Бүгінгі күнге дейін мұнай өндіру көлемін көрсетілген межеден кем тапсырған емеспіз. Келер жылда осы жұмыс қарқынын одан әрі ұлғайта түсетінімізге сенімдіміз. Жаңа Жыл елімізге табыс, береке, игілік әкелсін» деп асарлық мұнайшылар жаңа жыл кешіндеризашылықпен қол соқты.
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН