Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде қойылған фотокөрме көпшілік көңілінен шықты. Көрмеде еліміздің Тәуелсіз жылдарындағы экономикалық дамуы мен өлкедегі тарихи сәттердің көрінісі қамтылған. Әр маңызды мезеттің куәсі болу бақыты барлығына бірдей бұйыра бермейтіндіктен, фототілші өзі түсірген тарихи күндердің естелігін жинап, көзі қарақты көрерменге ұсынды. 13 желтоқсан күні өткен салтанатты жиынға қатысқандар көрмені тамашалап, фототілшінің туындыларына оң бағасын берді. Фотокөрме авторы Сәби Майемеров бұдан бұрын да Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай көз тартатын көрме жасаған еді. Айта кетейік, көрме авторы "Маңғыстау-Медиа" фототілшісі Сәби Майемеров "Жыл журналисі" атанғаны туралы бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. - Бұл көрме мерекеге қосқан үлесім деп білемін. Көрмені ұйымдастыруға қол ұшын созған "Маңғыстау-Медиа" директоры Айсұлу Қабышқызына рақмет. Ал облыстық байқауда алған "Жыл журналисі" деген марапат "Маңғыстау-Медиаға" берілген марапат деп білемін. Бұл атаққа халықты ақпараттандыру үшін аянбай еңбек етіп жүрген барлық әріптесім лайықты. 20 жылдық еңбегімді бағалап, "Жыл журналисі" деп таныған ұйымдастырушыларға да ризамын. Маңдайымызға біткен Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болса екен, - дейді фототілші Сәби Майемеров.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Сәби МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="90017,90013,90016,90018"]