Маңғыстаулық ақын, сазгер, сықақшы, журналист, балалар жазушысы Ерекен Қорабаев 60 жасқа толды. Мерей тойы иесінің құрметіне белгілі кәсіпкер, атымтай жомарт Самат Мұсабаев туған жерінде әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Шайыр ауылының мәдениет үйінде өткен кеште ақынның «Есі бар тентек» және «Маңғыстау әзілдері» атты қос кітабының тұсауы кесіліп, әндері шырқалды. Оқырмандары ақынның өлең шумақтарына, көңіл жадыратар әзіл-қалжыңдарына сусап қалса керек, залда ине шаншар орын болмады.
- Осыдан 10-15 жыл бұрын Шайырдан тарыдай болып аттанған Ерекең бүгін таудай абырой-беделмен ортамызға оралып отыр. Тілеулес жандардың, Саматтай інілерінің қолдауының арқасында осы кешті облыс орталығына өткізуіне мүмкіндігі бола тұра, өзінің балалық, жастық шағы өткен Шайыр ауылында, ауылдастарының алдында шығармашылық кешін өткізуді жөн санаған екен. Ендеше, әдемі кешке қош келдіңіздер!.. Ерекең Астарханның байланыс техникумын бітіріп келіп, ауылда байланысшы болып жұмыс жасады. Ауылдастары жақсы біледі сол кездерде «қара жәшігіміз» жасамай қалған кезінде соның жедел жәрдем дәрігері, шебері осы Ерекең болатын. Қай үйде теледидар жасамай қалса, Ерекеңді іздейміз, Ерекеңнің кетпегенін қалап, осы Шайырда 10-15 жыл ұстап, жібермедік... Жалпы Ерекеңнің таланты мектеп кезінде танылды. Оның әдемі әзілдері, күлдіргі әңгімелері сол кездің өзінде де танымал болды. Облыс орталығына қоныс аударғаннан кейін шығармашылығына ден қойып, жаңа, тың туындыларды жазып шықты. Маңғыстау жайында бірнеше әндерді өмірге әкелді. Қазақта: «Ер жігіттің алпысы-өмірінің тал түсі»,-деген, өмірінің лайым да тал түсі болсын, күні еңкеймесін. Шығармашылығына табыс, отбасына бақыт тілейміз, -деген кеш иесінің ұстазы Оразғали Өтеулиев қос кітаптың тұсауын кесті.
Балалар әдебиеті мен сықақ жанрына айтарлықтай үлес қосып жүрген қаламгерді мерейлі мерекесімен құттықтауға облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, Маңғыстау ауданының әкімі Жармағамбет Айтуаров, Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов та арнайы келіп, ақжарма тілектерін ағытып, сый-сияпаттарын табыстады. Сахна төріне көтерілген белгілі кәсіпкер Самат Мұсабаев, танымал ақын Светқали Нұржанов, Маңғыстау ауданы мәслихатының хатшысы Абзал Сарбалаев, Шайыр ауылының әкімі Ғабиден Нұржаубай ізгі тілектерін білдірді.
- Шайырдың сұлу табиғатында өмірге келіп, алтыншы сыныпқа дейін осы жерде білім алдым. Сондықтан да мен туған жерім Шайыр болғанына қуанамын. Шайырлықтар болып, Ерекен ағамыздың 60 жасын атап өтейік деп ақылдасып, әдемі кеш ұйымдастырғанды жөн санадық... Ерекеңнің әзілдері көп. Қазір есіме бір әзілі түсіп тұр. Барлығымыздың ұялы телефондарымызға хабарлама келеді ғой «Маңғыстау облысында осындай күні жел. Желдің ұйытқуы 15-20 м/с дейін» дегендей, соған Ерекен ағамыз қарсы хат жазып жіберіпті. «Маңғыстауда күнде жел. Сендер жел болмайтын уақытта хабарлама жіберіңіздерші» деп... Аға, әрдайым әдемі әзілдеріңіз, шығармаларыныңызбен бізді қуантып жүре беріңіз. Оқырмандарыңыз Сізден тапқырлығы мен көңіл жадыратар әзіл-қалжың, Шайырдың сұлу табиғатындай шығарма күтеді. Шаңырағыңызға құт-береке, деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілейміз. Әрдайым биіктен көрініңіз, - деді кеш ұйымдастырушысы Самат Мұсабаев.
Кеште жергілікті өнерпаздар Марат Сафаров, Асанәлі Көшеров, Гүлжайна Жолдыбаева, Камшат Ізтілеуова және «Самға» тобы өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жиылған жұрт жүректі жарып шыққан әдемі әндерді ерекше ықыласпен тыңдады.
-Алпыс деген жас бөркіңді аспанға атып лақтырып, қуанатын жас емес. Кешеден бері алпыстамын десем, бұрыннан ойнап-күліп жүрген келіншектер маған аяушылық көзқараспен қарап жатыр... Адам басына бақ қонады дейді ғой. Сол бақты әркім бағалай білуі керек. Мен де Сіздерге сол қонған бақты өз деңгейінен түсірмей, ұстап тұруға уәде беремін. Негізінде мұндай кеш жасау менің қолымнан келмейді. Осындай деңгейде кеш ұйымдастырып, қос кітабымның жарыққа шығуына қолдау көрсетіп, демеуші болған азамат Самат ініме алғыс айтамын. Бала-шағаңның қызығын көр,-деген кеш иесі Ерекен Қорабаев тыңдарманға 60 жасқа арнап шығарған тың туындысын оқып берді.
Жиналған жұртшылық рухани азықпен сусындап, мерекелік кештен риза болып тарқасты. Кештен соң қонақтарға қонағасы берілді.
Венера МИРЛАН, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН