©
Түпқарағанның білім саласы үшін биылғы жыл есте қаларлықтай болды. ҰБТ қорытындысымен Түпқараған ауданының білім саласы облыста үздік теп танылды. Алтын медаль мен Ерекше аттестат иелерінің саны бойынша да аудан алда тұр. Ал, өткен жазда аудан орталығында сәулеті мен мүмкіндігі жағынан ірі қалалардағы білім ошақтарынан кем түспейтін жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Міне осы мектеп Білім күні алғашқы оқушыларын қабылдады. Жүздері албырап, көздері мөлдіреп, жаңа мектеп ауласына жүректері лүпілдей кірмек балдырғандардың «Жолы таза, көңілі пәк болсын!» дегендей, таң алдында төгіліп өткен ақмаржан жаңбырдан соң күн көзі мейірімін төге қалып еді. Жаңа мектептің еңселі ғимаратының алдына сап түзей тұра қалысқан оқушылардың құшақтары гүлге толы.
Жаңа мектептегі жаңа оқу жылының ашылу салтанаты мектеп ауласында еліміздің Көк байрағын көтерумен басталды. Әнұран орындалды. Салтанатты жиынды аудан әкімі Темірбек Асауов құттықтау сөзбен ашты.
-Елбасымыз жас қазақстандықтардың білімі жағынан әлемдік озық стандарттарға сай келуіне үнемі қамқорлық жасап келеді. Тәуелсіздік жылдары мектептеріміз ең жаңа информациялық технологиялармен жабдықталды. Көп ұзамай мектеп қабырғасынан үш тілді жетік меңгерген түлектер шығатын болады. Биыл пайдалануға беріліп, бүгін алғашқы оқушыларына есік ашып отырған мына жаңа мектеп те осы үрдіске толық сай келетін болады. Біз мектептің білімді де білікті ұстаздармен, жаңа технологиялармен толық қамтылуын үнемі назарда ұстап отыратын боламыз, -деді ол.
Аудандық білім бөлімінің бастығы Айбаршын Өтесбаеваның айтуына қарағанда, мектеп «Форт-Шевченко мектеп-лицейі» деп аталады. Директоры Мұратбек Тәшімбет – бұрын Астана, Атырау сықылды ірі қалаларда қазақ-түрік лицейлерін басқарған, білім беру саласындағы тәжірибелі де білікті мамандардың бірі екен. Айбаршынның айтуына қарағанда аудан басшысының арнайы шақыруы бойынша келіпті. Ұстаздар ұжымы толыққа жақын қалыптасып қалды. Соның ішінде химик, физик, математик ұстаздар арнайы шақырумен келген мамандар боп шықты. Биылдың өзінде аудан мектептеріне 30-ға жуық жас маман алыныпты, сөйтіп, ұстаздар жетіспеушілігі деген проблема еңсерілген.
Ал, мына жаңа мектеп – қараса көз тоймастай әсем де аумақты екен. Оқу сыныптары мен кабинеттері бар 3 қабатты төрт блоктан және 2 қабатты жеке блоктан тұратын мектеп ғимаратында 198 орындық асхана, спорт залы, 189 орындық акт залы және 20000 кітап сақтауға есептелген кітапхана орналасқан. Бұдан бөлек 120 орындық интернат арнайы жиһаздармен жабдықталған. Екі қабатты интернат ғимараты екі жатын корпустан тұрады, олар дәлізбен қосылған.
Жаңа корпуста қажетті инфрақұрылыммен қамсыздандырылған, тіпті зообұрышы бар жылыжай мен көшетхана да қарастырылған. Мектеп ауласында спорт, ойын алаңдары, құрамдастырылған футбол, баскетбол алаңы, спорт ойындарына, доп лақтыру және секіру жаттығуларына арналған алаңша, бастауыш сынып оқушыларына арналған жылжымалы ойындар алаңы және басқалар орналасқан.
Мектеп-лицейге 440-тай бала алынды. Соның ішінде 75 бала 1-сыныпқа келді.
-Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша да, облыстық білім басқармасы жүргізген білім сапасы бойынша мониторинг нәтижесі бойынша да Түпқараған облыста 1-орынға шықты. Ал, жаңа оқу жылында біз 2016-2019 жылдарға арналған «Жаңартылған білім мазмұны» бағдарламасы бойынша жұмыс істей бастаймыз. Бұл – 5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» бағдарламасының нақты практикалық кезеңінің талаптарына сай. Елбасымыздың тапсырмасымен жүзеге аса бастаған «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы, оқушылардың техникалық білім алуға мүмкіндігі мен қызығушылығын арттыруға бағытталған робототехника саласын оқыту сықылды инновациялық бағыттар бойынша Ақшұқыр мектеп лицейі, Әбдіхалықов атындағы мектеп және Сайын ауылындағы мектеп лицейі оқытатын болады. Жалпылама айтсақ, еліміздің білім беру саласындағы кең ауқымды реформалардың орындалысына ауданның білім беру саласы белсенді атсалсып келеді, -дейді А. Өтесбаева.
Форт-Шевченко мектеп-лицейі де осындай жаңа үрдістерге ілесе жұмыс істейтініне сенім бар. Білім саласының жауапты мамандарының айтуынша, ауданымыздың 60-тан астам аса дарынды, зейінді балалары басқа жерлерде оқып жатыр екен. Аудан әкімі Темірбек Асауов «осындай дарынды балаларды өзіміз оқыта алмаймыз ба? Ол үшін не керек?» деген сауал қойған сыңайлы. Оған жауап осы жаңа мектеп-лицей арқылы табылып отыр деп ойлаймыз. Аудан басшысы осы мектептегі білім сапасы, мүмкіндіктер ең жоғарғы талаптарға сай болуы үшін қамқор болатынын айтып отыр. Жалпы білім беру саласына үнемі назарын салып, қолдап, қанатының астына алып келе жатқан аудан әкімінің бұл қадамына ұстаздар қауымы да, ата-аналар да дән риза.
Демек, басшылықтың тұрақты бақылауы мен қолдауы, ұстаздардың біліктілігі, білім саласының жауапкершілігі мен ұйымдастырудағы шеберлігі барда Форт-Шевченко мектеп-лицейі көп ұзамай ел баласын беруге ынтық болатын элиталық білім ошақтарының қатарына қосыла алады деп сенеміз.
Алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп-лицей алғашқы оқушыларын құшақ жая қарсы алды. Алғашқы сабақ – Отан туралы, елжандылық туралы! «Мәңгілік ел» тақырыбына арналды.
Ал, лицейлік сыныптар – 7- және 8-сыныптарға алғашқы математика ағылшынша өтті! Әрине, әзірше сынап байқау. Соның өзінде балалардың бұған да қабілетті, орамды екені аңғарылып қалыпты. Бұны бізге Мұратбек Тәшімбет айтты.
[caption id="attachment_9245" align="aligncenter" width="638"] Математика пәні ағылшын тілі терминдерін қолдана өткізілді[/caption]Желкілдеп өсіп келе жатқан жаңа толқынды жаңа биіктерге көтеру үшін есік ашқан жаңа мектептің өміртарихы басталды!
Құтты болсын!
Айсағали ҚЫДЫР Суреттерін түсірген Анар РАХИМБЕКОВА