Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 1 қарашасы аралығында ең үздік өлең мен эссеге байқау жариялайды. Байқауға облыстың барлық тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Талапқа сай эссенің көлемі 2-3 бет (14 шрифтпен, TimesNewRoman), қазақ және орыс тілдерінде болуы керек.
Қазылар алқасы байқау жұмысының мазмұндылығына, көркемдік танымына, шығармашылық сауаттылығына, тіл тазалығына, жұмыстың сапасына көңіл бөледі. Байқауға «Мен және менің салауатты отбасым», «Мен салауатты өмірді қолдаймын!» және «Дені саудың-жаны сау» тақырыптарында жазылған шығармалар қабылданады.
- Өзгенің шығармасын көшіріп алып, тапсыруға қатаң тыйым салынады. Егер де Сізде бірнеше шығарма болса, барлығын жинақтап, бір құжат ретінде жіберуіңіз керек. Барлық жіберілген жұмыстардың авторы көрсетілуі тиіс. Сондықтан да толықтай аты-жөндеріңізді жазып, телефон нөмерлеріңізді көрсету сұралады. Мәселен, «Қуанова Ш. Е.тақырыбы: «Мен және менің салауатты отбасым!». Жарыс жеңімпаздарын ұйымдастырушылардан ерекше сыйлықтар күтіп тұрғанын айта кеткім келеді. Сондай-ақ, байқауға қатысуға өтінім берген әрбір автор өзінің шығармасын «СӨСҚПО» сайтына, орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастыруға келісім беруі керек,-дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры Нұрсұлу Мұхамбетярова.
Байқауға қатысуға жұмыстарыңызды zoj-mangistau@mail.ru электронды поштасына жібере аласыз. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда 8(7292) 33-33-09 телефонына хабарласуыңызға болады.
Венера МИРЛАН