Маңғыстаулық джитсерлер Атырау қаласында 3-7 қазан күндері ересектер мен жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатынан Абу-Дабиде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстаулық команда бұл чемпионатта 6 алтын, 4 күміс, 9 қола жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Алтын және күміс жүлдеге ие болғандар Әлем чемпионатында бақ сынайтын болады. Сайыс қорытындысы бойынша ересектер арасында әлем чемпиондары Әбу-Бәкір Жәнібеков 62 келі салмақта файтинг жүйесі бойынша І орын, неваза жүйесі бойынша ІІІ орынды, ал Дархан Нортаев неваза жүйесі бойынша І орынды иеленді. Азамат Абаев 94 келі салмақта файтинг жүйесінде күміс жүлдені команда қоржынына салды. Атакелді Есетов 56 келі салмақта неваза жүйесі бойынша І орынға шықса, 85 келі салмақта Тұрар Рысқұлов пен Сапармұрат Нұрмұханбетов 77 келі салмақта файтинг жүйесінде ІІІ орынды алды. Жастар арасында Расул Кеңесбаев 62 келіде неваза жүйесі бойынша қола жүлдегері атанды. Файтинг жүйесінде 77 келі салмақта Алтынбек Алдоңғаров ІІІ орын, Дулат Болатов күміс жүлдені иеленді. Қыздар арасында Айбану Нигматуллаева файтинг жүйесінде 52 келі салмақта ІІ орын алса, Дана Бектұрова 57 келі салмақта файтинг жүйесінде І орынға, неваза жүйесінде ІІ орынға ие болды. Ал джиу-джитсудан әлем чемпионы Алия Тлепова файтинг жүйесі бойынша 63 келі салмақта алтын тақса, неваза жүйесінде ІІІ орынға жайғасты. Сонымен қоса, неваза жүйесі бойынша Мөлдір Мекенбаева 52 келі салмақта І орынды қанжығасына байласа, Перизат Қалықова 48 келі салмақта ІІІ орынды алды. Ал жастар арасында Гауһар Жаңабергенова 52 келі салмақта қос жүйеден де ІІІ орынның иесі болды. Ел чемпионатында маңғыстаулық әлем чемпиондары да бой көрсетті. Олар өздерінің «бәйгеге қоссаң сүрінбейтін тұлпар» екендерін тағы бір мәрте көрсете білді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ