Жуырда «ӨзенМұнайГаз» АҚ Қазақстан мұнайына 120 жыл «ӨМГ» АҚ-на 55 жыл толуына орай жергілікті және республикалық деңгейдегі БАҚ үшін баспасөз турын өткізді. Журналистер компания нысандарын аралап, мұнайшылар жұмысымен танысып қайтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның бас директоры Есен Өтеев республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен танысып, компанияның қазіргі жағдайын баяндады. Бұл күнде «ӨМГ-нің» 9500 қызметкері бар. 2014 жылы мұнай өндіру жұмысын жақсарту үшін жаңа технологиялармен қамтамасыз етуге 6 млрд қаражат бөлінген. Жұмыссыздықты азайту мақсатында ағымдағы жылда 90 адам осы компанияда жұмыспен қамтылған. «ӨзенМұнайГаздың» мұнай қоры 1млрд. 159 тонна болса, 55 жылда 388 млн. 267 мың тонна өндірген. Бүгінде мамандар қара алтынның қоры 120 миллион тонна 24 жылға жетеді деп есептеп отыр. Компания өңірдегі мұнай өндірудің шамамен 35 пайызын қамтамасыз етеді. 2018 жылы мұнда 5 млн. 487 мың тонна қара алтын өндірілген болса, үстіміздегі жылы 5 млн. 551 мың тонна мұнай алу жоспарға қойылған. Қарамандыбас жақтағы объекттен ұңғымалар ашу жоспарда бар. Ол болашақта «Өзеннің» екінші тынысын ашады деп ойлаймын. Қанша мұнайды артық орындайтын болсақ, халықтың жағдайы сонша жақсарады деп ойлаймын, - дейді «ӨМГ» бас директоры Есен Өтеев. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84316,84318"] Тур барысында журналистер 1961 жылы сәуір айының 6-сынан бастап қазылған «Өзен» кенорнындағы № 1 ұңғыманың алғашқы жұмыс тобында болғандардың бірі Болатбай Қарамұрзаевпен кездесті. Ардагер мұнайшы сол жылдың 15 желтоқсанында бірінші мұнай бұрқағы ашылғаны туралы баяндап берді. Ақсақалдың айтуынша, Өзендегі алғашқы мұнай жерден 1250 метрдей тереңдіктен шыққан екен. «Өзен» кенорнындағы алғашқы мұнайдың ашылуына қатысқан зейнеткер 6-дәрежелі бұрғышының көмекшісі мамандығын Доссордағы училищеден алып шыққан. «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы бұл күнде ұзындығы 40, ені 10 шақырымды алып жатқан «Өзен» және «Қарамандыбас» кенорнындарын игеру үстінде. «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ына қарасты мұнай өндіретін және оған қызмет көрсететін 16 өндірістік басқарма бар. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84319,84321"] Қазіргі таңда өндірісті модернизациялау жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жоба аясында «Жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау» цехі бой көтерген. Бұл цехтің құрылысы 2012 жылы басталып, 2013 жылы қолданысқа берілген. «Жақсыны көрмекке» деп баспасөз турына келген журналистер осы цехке жол тартты. Цех ұңғымаларды жер астында жөндеу сапасын арттыру, олардың жөндеу аралық кезеңін ұлғайту және ұңғымаларды жер астында жөндеу кезінде экологиялық талаптарды сақтау үшін салынған. Мұндай кешенді жоба ТМД елдерінде алғаш рет жүзеге асып отыр. Жаңа цех жылына 400 мың дана сораптық-компрессорлық құбыр, 300 мың дана сораптық штанга, 10 мың дана тереңдік сорапты жөндеуге, диагностикалауға қауқарлы. 2017 жылы «Жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау» цехі жанынан құбырларды, сораптарды, шыбықтарды жуып-тазалауға арналған ванна, жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында тұрмыстық-шаруашылық кешен ашылған. Құбырлар мен сораптарды парафиннен тазарту үшін 20-30 минут арнайы ванна ішінде химиялық ұнтақпен жуады. Құбырлар тазалау жұмыстарынан өткеннен соң, жарамдылығын тексеруге жібереді. Күніне аз дегенде 15-20 сорапты жарамдылыққа тексереміз. Яғни, сораптың вакуумы тексеріледі. Одан кейін қысымын бақылауға жібереміз, - дейді сорап желісінің шебері Нұрлан Майлыбаев. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84341"] Айта кетсек, сорап мұнайды сорып шығаратын бірден-бір құрал. Мұнайды сорып алуға мүмкіндігі бар сорап ұңғымаға жөнелтіледі. Сонымен қатар бұл цехте күніне 500 дана штанга шығарылады. Бір қызығы, штанга дайындау жұмыс тобының шебері де, жұмысшылары да әйел. Ерлермен тең қызметті атқарып жүрген жігерлі жандардың жұмысына таңдай қағатындар аз емес. Журналистер № 1 Мұнай-газ өндіру басқармасының № 83 топтық қондырғысының МФНУ-6000 сорабының жұмысымен танысуға бет алды. Негізгі жұмысымыз мұнайды өндіру. Ұңғымадан шыққан сұйықтықты өлшем қондырғыларына жіберіп, сыйымдылықтарға құямыз. Бұрын «МВ-125» маркалы мұнай сорабымен жұмыс жасайтынбыз, өткен жылы 1 дана жаңа мультифазалы сорап қойылды. Бұл сорап электр энергиясын үнемдеуге оңтайлы, - дейді Нұр Өсербаев МГӨБ өндіріс техникалық бөлімінің бастығының орынбасары. Мұнайды мультифазалық өндіру әдісі дәстүрлі әдістермен салыстырғанда ұңғыма өнімі үшін көлемді сепараторларды, сондай-ақ бөлек жұмыс істейтін жабдықтарды талап етпейді. Мультифазалы сорғылардың технологиясын пайдалану мұнай өндіру саласында бірқатар артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84328,84337"] Бұл басқармада орналасқан өлшем қондырғылары әр ұңғыманың өнімін анықтап, жинақтау блогына жібереді. 80 ұңғымасы бар топтық қондырғының өндірген сұйықтығы сыйымдылыққа құйылады. Өндірілген бүкіл сұйықтық МФНУ сорабы арқылы мұнайды судан ажыратып, таза майды алуға жіберіледі. Мұнайдан суды ажырату үшін сұйықтық 41° C болып баруы тиіс дейді мамандар. Сондықтан, қыс мезгілінде өндірілген мұнайдың қатып қалмауы үшін арнайы жылыту құралдары орналастырылған. Сондай-ақ бұл жерде сағат сайын газдың шығынын есептейтін құрылғы да бар. Ол сұйықтан бөлінген газды есептеп, өңдеу зауытына жібереді. Біз танысқан топтық қондырғы тәулігіне 3200 м. куб сұйықтық беріп отыр. Ал одан 240 тоннадай таза мұнай өндіріледі. «ӨМГ-де» дәл осындай бағытта 16 топтық қондырғы жұмыс істейді. 19 жылдық тарихы бар «Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету» басқармасы күніне 61 мың м. куб сұйықтық қабылдайды. Тәулігіне одан алынған 10 мың м. куб қара алтын «Мұнай дайындау және жөнелту» цехіне жіберіліп отырады. 20 мыңдық су тұндыру қазаны осы жылдың қыркүйек айының соңында іске қосылады деп жоспарланған. Осы қазанның салынуымен жақсы нәтижеге жетеміз деген сеніміміз бар. Қазіргі таңда жаңа қазансыз технологиялық тізбекте 9 сағат тұндыру жұмысы жүргізілсе, бұл қазанды іске қосқаннан кейін 15 сағатқа дейінгі аралықта тұндыру уақытына қол жеткіземіз деп есептеп отырмыз, - дейді Қанат Байбазарұлы "Мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету" басқармасының технологиялық бөлім бастығы. Мамандардың айтуынша, су қанша ұзақ тұндырылса, сонша таза болады. Мұнайдан ажыратылған суды "Жер қысым қабатын сақтау" цехіне жөнелтеді. Баспасөз турының соңғы аялдамасы болған «ӨМГ-ге» қарасты «Мұнай өнеркәсібі құралдарын және телекоммуникацияларды жөндеу» басқармасы сораптар мен компрессорларды өңдейді. Мұнда Ресей, Болгария және Германияның өндірген құрылғыларымен жұмыс жасайды. Компания басқармаларына керекті жабдықтардың барлығы осында жасалады. Мұнда токарь, дәнекерлеуші, жинақтаушы сияқты бірнеше маман қызмет етеді. Ал бір токарь күніне аз дегенде 40-50 құрал жасап шығара алады. Тур соңында «ӨМГ» басшылығы алыс-жақыннан келген қонақтар үшін кешкі ас ұйымдастырып, алғыс хат пен сыйлықтар табыстады. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84344,84334,84345,84335,84343,84336,84346"] Мұнай киелі Маңғыстауға бақ болып бұйырған теңдесіз қазына. Ал сол қара алтынды өндіруде тер төгіп жүрген әрбір қызметкердің алар орны ерекше. Өмірін қатерге тігіп ел экономикасының өркендеуіне зор үлес қосатын мұнайшылар жұмысының басқалардан өзгеше екеніне көз жеткіздік. Шараға қатысушылар құрметке бөленіп, өлкеміздегі мұнай өндіру ісін өркендетіп отырған компанияға толағай табыс тілеп қайтты.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер мен бейнежазбаны «ӨзенМұнайГаз» АҚ ұсынды