Тамыз айының алғашқы аптасының демалыс күні теміржолшылар күні тойланады. Бұл сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 1896 жылы Ресейде басталған. Мерекеге орай, Маңғыстауда еңбегі сіңген теміржолшылардың мерейі өсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Мереке қарсаңында "Вагонсервис" АҚ қызметкерлерінің пойыздарды жолға қалай дайындайтынын көріп, жұмыс барысымен танысып қайтқан едік. Әртүрлі маман иелері техникалық паркте тұрған вагондардың ақауын тексеріп жатыр екен. Ал Маңғыстаудың техникалық паркінің бой көтергеніне биыл 6 жыл. Онда пойыздарды орналастыру үшін 4 жол салынған. Мұндағы әр қызметкердің атқаратын белгіленген жұмысы бар. Мысалы, вагон қараушы Кенжебай 2010 жылдан бері Маңғыстауда осы салада адал қызмет етіп келеді. Ол өзінің теміржолдағы еңбек жолын 1993 жылы слесарь қызметінен бастаған. - Теміржолда жұмыс өте жауапты. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін вагондарды сақадай сай етіп дайындауымыз керек, - дейді вагон қараушы Кенжебай. Ал электриктің жұмысы жолдағы пойызды қарап келетін механиктің берген өтінімінен басталады. Күніне 15-18 вагоннан тұратын 3 құрамды қарап, ақауын тексеру электрик Бекполаттың басты міндеті. Мұнда бір ауысымда 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Әр қызметкерге жұмыс жоспары белгіленеді. Әр жұмысшы 20 түрлі бағыт бойынша вагондарды тексеріп, өз есеп журналдарын толтырады. Бүгінде Маңғыстаудан шығатын 150-дей вагон «Вагонсервис» АҚ-ның жауакершілігінде. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Бейнеу, Астрахань және Нөкіс бағытында жүреді. Сондай-ақ, Маңғыстауда басқа аймақтардың жауапкершілігіндегі пойыздарды жөндеу жұмысына арнайы мобильді топ жұмылдырылған. Жолаушыларды тасымалдайтын вагондар 6 ай сайын толық тексеруден өтеді. Маңғыстау-Алматы және Маңғыстау-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша қатынайтын 43 вагонымызға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, қазір Алматы-Маңғыстау бағытында 25 вагон қосылған болса, алдағы уақытта тағы 38 вагон қосылады, - дейді теміржол саласында 6 жылдық еңбек өтілі бар шебер Қуаныш Еңсегенов. «Вагонсервис» АҚ - Маңғыстауға қатынайтын жүрдек пойыздардың жөндеу жұмыстарымен айналысатын мекеме . Олардың аптап ыстық пен қыстың аязында халық үшін еңбек етіп, жолаушылар тасымалына қосқан үлестері елеулі. «Вагонсервис» АҚ-ның Маңғыстау бөлімшесінің басшысы Нұржан Джубанисов өз бөлімшесіндегі мамандарды мақтан етіп, айтулы төл мерекелерімен құттықтады: «Біздегі әр маманның орны ерекше, Маңғыстаудағы теміржол қызметінің сапасына бір кісідей атсалысып жатқан еңбектері үшін алғысымды айта отырып, оларға толағай табыс пен еңбектерінің жемісін көруді тілеймін».
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер автордан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83620,83621,83618"]