©
Түпқараған ауданының орталығы Ақкетіктен 39 шақырм қашықтықта орналасқан қойнауы құт Қызылөзен - мыңнан сәл ғана асатын тұрғыны мен жүз елуден аса тұрғын үйі бар шағын ғана ауыл. Жоталы тастақты шатқалдан құлама арқылы қойнауға енетін шағын ауыл жоғарыдан қарағанда толқынды теңіз жамылған табиғи тартымды көрінісімен келген қонақты бірден баурап алады. Өзінің бір ғана мектебі мен мәдениет үйі, балабақшасы бар шағын ауылдың кәсіпке тартар перспективті жұмыс немесе өндірістік орындары жоқ болғанымен, ауылда өзінше тірлігін көріп өз кәсіптерін өз әлдерінше дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер мен «Қарағантүбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және жалғыз ғана үкіметтік емес сектордан құрылған «Хазірет» жастар қоғамдық қоры бар. Дәл осы қордың «жазғы эко лагерь» жобасын мақұлдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Түпқараған ауданы Қызылөзен ауылында балаларға жазғы қуаныш сыйлап, эко мәдениетті қалыптастыруға, тынығу мен уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Осы жоба аясында алғашқы топ тынығудың бірінші маусымын қорытындылады.
- Жоба аясында аудан көлеміндегі елдімекендердегі осал топ отбасыларының 9-14 жас аралығындағы балаларының жазғы уақытта демалуына мүмкіндік туғыза отыра, оларға экология және қолөнер саласынан мағлұмат беруді мақсат еттік. Пайдалы іспен шұғылдану, еңбекке үйрету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты сүю мен аялауды үйретуді негізгі тәрбиелік бағыт етіп алдық. Аталған экологиялық лагерьге аудан көлеміндегі елдімекендерден осал топ отбасы балалары қатыстырылып, 31 бала жоба аясында бірінші топ арқылы қамтылды. Әлі екінші топты қарсы аламыз. Лагерь өтетін орын ретінде өзіңіз көріп тұрған Қызылөзен ауылындағы Зұлқаш Баймырзаев атындағы орта мектеп базасы таңдалды. Бұл бағытта аудан әкімі Темірбек Асауов және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызының түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткендерін атап өткім келеді. Олар бірден ауданымызға қарасты шағын ауылдың мұндай тартымды жұмысын қуана қолдағандары бізге демеу болды. Кейбір мәселелрімізді осы кісілер арқылы шешуге тырыстық. Ауыл әкімінің өз ауылында ұйымдастырылып жатырған балалар үшін тиімді бастамасына бір бас сұқпауы бізді қынжылтып тастады,- дейді жоба авторы, «Хазірет» ұйымының өкілі Күрең Медеуова.
Сонымен қатар, бұл лагерьде 1 психолог, 1 тәрбиеші, жастар практикасы арқылы 2 маман аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс атқарғанын айтты. Ерікті жастар да көмек көрсетуде, жазғы эко лагерь бір апта бойы түрлі байқаулар мен теңіз жағасындағы жарыстар, споттық шаралар мен көңілді кештерді ұйымдастырып, қатысушыларды баурағанын балалардың зор қуанышпен жеткізді. 5 мезгіл беретін тамағы мен жатын орындары жақсы ұйымдастырылған эко лагерьдің үйретері көп.
Біз барған күні лагерьдің қорытынды кеші ретінде теңіз жағасында спорттық ойындар мен құмнан шеберлік таныту жарыстары өткізіліп, ән шырқалды. Табиғаттың тосын мінезі - желі мен жаңбырына қарамастан көңілді балақайлар алау жағып, армандарымен бөлісті. Бірі жас ақын, бірі жас әнші, бірі спортшы болуды армандайтын балақайлар лагерьдің көңілді күндерінен күнделік айтып, бала кезімізді еске салды.
- Мен осы лагерьде өзімнің жазғы демалысымды кереметтей өткіздім. Отбасымызда екі баламыз. Мына жерге ауыл әкімшілігімен жолданып келіп отырмын. Маған Қызылөзен ауылының табиғаты, ауасы өте қатты ұнады. Бұл жерден жаңа достар таптым. Тіпті, осы лагерь бітпесе екен деп тілеп, ертең қоштасар сәтті ойлағымыз да келіп тұрған жоқ. Ортада өзіңді ұстау, жүріп -тұру, эко мәдениет пен түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйрендік. Қажетсіз нәрседен пайдалы бұйымдар жасауға болатынын түсіндім. Ал қолдан жасалған бұйымдарды сыйлыққа беруге болатынын білдік. Ата-анамыздың ақшасын шығармай, осындай нәрселерді берсек болады екен. Кейде өлең шығаратыным бар. Қызылөзен ауылына да өз өлеңімді арнадым, - дейді Ақшұқыр ауылынан келген Арайлым Байқожа. Ол теңіз жағасында өз өлеңін оқыды.
Саф ауасымен самал ескен, толқыны жағаға жүгірген шағын ауылдың жазы балалар үшін қала шуынан тынығуға таптырмас орын. Жоба авторы ретінде Күрең Медеуова алдағы уақытта кезіндегі «Артек», Захар бағындағы «Арай» лагерьлері сияқты жазғы тынығу алаңдары Қызылөзеннен де ашылса, бұл соның бастамасы болса деген арманын ақтарып салды. Біз тілекшіміз! Бала қуанса, біз қалай қуанбаймыз?!
Милана ЕЛЕУСІНОВА Суретті түсірген автор