Бүгін Ақтауда Абай мәдени-демалыс кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандардың «Менің сүйікті қалам» атты шығармашылық жұмыстар, балалар суреттері және қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтті.
Көрме-жәрмеңке Ақтау қалалық әкімдігінің қолдауымен қаланың 55 жылдығына орай өткізілді. Шараға мемлекеттік-коммуналдық мекемелер қатысты.№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан психоневрологиялық патологиялары бар 14 мүгедек, №4 арнаулы оңалту орталығынан әр түрлі аурулары бар 13 мүгедек және Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан 45 мүгедек қатысты.
Жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдары, атап өтерлігі, түрлі тастардан жасалған моншақ, білезіктер, тастарға салынған әр түрлі суреттер, қағаздан жасалған ойыншықтар, әр түрлі түстегі тоқылған киімдер, сөмкелер және өзге де шығармашылық жұмыстар жинақталған.
«Біздің мақсатымыз - мемлекеттік мекеме қарамағындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер жұмыстарын көрсету. Олардың мүмкіндігі шектеулі емес екендігін осы жұмыстары арқылы дәлелдету. Және содан түскен қаражат балалардың өздеріне материалдық көмек ретінде өздеріне қайтарылып беріледі», - деді Ақтау қалалық үйлері әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Дәметкен Сейітова.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жалғызбасты қарттардың, I және II топ мүгедектерінің, 18 жастан асқан мүгедектер мен психоневрологиялық және тірек-қимылында ауытқушылығы бар жандардың да жұмыстары көрмеге шықты.
«Мен үнемі мерекеге арналған жәрмеңкелерге қатысамын. Осындай әлеуметтік жұмыстардың біз үшін жасап жатқан көрме-жәрмеңкесіне өте қуаныштымын. Ақтау үйлеріндегі қызмет көрсету орталығында қамқорлықтамын. Мен мұнда жұмыскермін, жалғызбастымын. Сурет саламын және қолөнермен айналысамын. Зейнеткерлікке шығып бос отырғым келмеді. Сондықтан осы хоббиымды жалғастырып, тастарға сурет салып бастадым», - деді егде кісі Татьяна Воздраганова.
Көздің жауын алатын шығармашылық туындыларды тамашалауға Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Гусейнов Шамсадин Аллахбердиоглы да келді.
«Мен бүгін қаламыздың мерекесіне арналған көрмені тамашалап қана қоймай мүмкіндігі шектеулі жандардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарын сатып алуға келдім десем де болады. Ақтау қаласының тұрғындарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілі, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Гусейнов Шамсадин Аллахбердиоглы.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61416,61417,61418,61419,61420"]