Облыс әкімі Түпқараған ауданында
[ 2016 ] 6 маусым, 07:57 | Жаңалықтар
Түпқарағанда жаңа нысандар іске қосылды
Облыс әкімі Алик Айдарбаев жұмыс барысымен Түпқараған ауданында болып, бірқатар жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Өңір басшысы Форт-Шевченко қаласындағы 550 орындық мектеп-интернатты ашып, Ақшұқыр ауылындағы жеке балабақшалар мен су тұщыту зауытының қызметімен танысты.
550 балаға арналған жаңа мектеп «НКОК» шетелдік компаниясының қаржысына бой көтерген. Ауданда бұған дейін мектеп ғимаратының жетіспеушілігінен оқушылар Есбол Өмірбаев атындағы білім ордасында 3 ауысымда оқитын. Енді жаңа мектептің ашылуымен бұл мәселе жойылатын болады. Үш блоктан тұратын білім ошағы барлық стандарттарға сай, модификациялық кабинеттермен толықтырылған. Бір кезде 200 оқушыны тамақтандыруға сыйымды асхана жұмыс жасайды. Оқушылардың дене сымбатын сақтауға арналған спорт залы да кең әрі әсем. Сондай-ақ, мектепке қосымша екі блоктан тұратын интернат салынған.
- Мұнда оқушыларды бір жерге шоғырландыру ұйымдастырылады. Сабақтан тыс кездерде балалар түрлі сайыстар мен жарыстарға осында жатып дайындалады. Білім додаларына ауыл балалары аудан орталығындағы интернатта жатып, дайындықтарын шыңдап, қатысуға мүмкіндік алатын болады. Жазғы демалыс кездерінде де балалар 120 орындық жатаханада тұрып, білімдерін толықтырады. Бірыңғай ұлттық тестілеуге де осы интернат қабырғасында дайындайтын боламыз,-дейді аудандық білім бөлімінің басшысы А.Өтесбаева.
Жаңа білім ошағының тұсауын кескен облыс әкімі Алик Серікұлы мектеп ұжымының қызметіне сәттілік тіледі.
- Құрметті ауыл тұрғындары! Бүгін– Форт Шевченко қаласында жақсы жаңалық, жаңа мектеп салтанатты түрде ашылып жатыр. Биыл ең басты құндылығымыз- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аталып өтілуде. Қаржылық-экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет әлеуметтік дамуға үлкен мән беріп отыр. Түпқараған ауданында да бірқатар игі шаралар атқарылуда. Жолдар жөндеуден өткізіліп, жаңа балабақшалар мен мектептер бой көтеріліп жатыр. Жастардың сапалы білім алуларына толық негіз бар. Түпқарағандық оқушылар дәстүрлі ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерге ие болып жүр. 170 жылдық тарихы бар Форт Шевченко қаласындағы жаңа білім ошағы құтты болып, жас ұрпақ өнер-білімімен қанатын жайып, қуанта бергей!-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
- Қымбатты жерлестер! «НКОК» компаниясы атынан іс-шараларға қатысушыларға жалынды сәлем! Осы жобаны ақылдасып, бірге атқардық. Бұл біздің компания мен Түпқараған аудандық әкімдігінің жемісті ынтымақтастығының нәтижесі. НКОК тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуды мақсат еткен жобаларға белсенді араласып келеді. 1998-2015 жылдар аралығында компания 160 жобаға қажетті қаражат жұмсаған. Оның басым бөлігі Маңғыстау облысына бөлінген,-деді «НКОК» компаниясының бас менеджері Е.Марабаев.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған азаматтар жас ұрпақ үшін атқарылып жатқан бұл шаралардың маңызы зор екенін айтты. Жаңа мектепте жаңашыл білім алу да бір бақыт.
- Бүгін – үлкен мереке! Шынында да мұндай мектепте оқу бақыты кез келгенге бұйыра бермейді. Осындай үлкен де әсем ғимаратта білім алу бізге кезінде арман болды. Оқушыларға жаңа мектепте 3 деген баға алуға болмайды, тек жақсы оқу керек дегім келеді. Басшыларға бір өтінішім бар, Баутин ауылында спорт залы жоқ. Жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстану үшін спорт кешені қажет. Енді Баутин ауылында осындай жаңа ғимарат тұрғызылса деп тілеймін,-деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Күзембаев.
Ауданда 8 мектеп бар, 6 мыңға жуық оқушы бар. Қазіргі таңда Ақшұқыр, Сайын ауылдарына мектеп қажет етілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында білім ошағының табалдырығын алғаш аттайтын 1 мыңға жуық 1 сынып оқушылары жаңа стандартқа сәйкес, жаңартылған білім мазмұны бойынша оқитын болады.
Облыс әкімі бастаған ресми топ бұдан соң Ақшұқыр ауылындағы «Ай нұры» және «Сұлтан» жекеменшік балабақшаларында болды. Жаңа бөбекжайларда 3 пен 6 жас аралығындағы 100 сәби тәрбиеленуде. Балабақшамен қамту бағдарламасының аясында ашылған қос балабақша барлық стандарттарға сай салынған, мамандармен қамтылған. Мемлекеттік субсидия негізінде құрылған балабақша жекеменшік болғанымен құны мемлекеттік бөбекжайлармен бірдей. Бөбекжай қызметіне көңілі толған өңір басшысын бөбектер қуана қарсы алды. Балалар ән салып, би билеп, өнерлерімен тәнті етті.
Жалпы аудан бойынша 1769 балғын кезекте тұр. Олардың 652-сі 3 жас пен 6 жас аралығындағы сәбилер.
Келесі нысан – Ақшұқырдағы Бегей жерінде орналасқан «Тетис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты су тұщыту зауыты болды. Ағымдағы жылы іске қосылған цех жерасты ұңғыларынан шыққан суды тұшытып, құтыларға құяды. 1,5 және 19 литрлік «Тетис» сулары мекемелерге таратылып, дүкендерде сатылымға шығарылуда. Цехтың 15 қызметкер жұмыс жасайды. Ресей мен Қытай елінен әкелінген алып конвойер суды толық тазалаудан өткізіп, құты жасап шығарады. Құрылғы 1 сағатта 1 мың құты су шығаруға қауқарлы.
- Су маңызды мәселе. Су болса, бәрі де болады. Бірінші кезекте тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету керек. Құтты болсын! Бұл өте жақсы бастама. Жақсы нәтиже береріне сенімдімін!-деді өңір басшысы А.Айдарбаев.
Серіктестік басшылары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Цех жанынан жылыжай салып, көкініс өсіруді қолға алуда. 2 гектар жер аумағын алып жатқан жылыжайдың құрылысы қызу жүріп жатыр.
- Цехта жер астынан шыққан су ыдысқа құйылып, бірнеше рет тазалаудан өтеді. Озонатор арқылы тағы бактериялық құрылғыдан өтіп, құтыларға құйылады. Бір күнде 200 куб суды тұшытып, 15 мың құты су шығарылады. Жылыжайда тамшылатып суару арқылы көкініс егіп, 600-700 тонна жеміс жинауды жоспарлап отырмыз,-дейді «Тетис» ЖШС-і өндіріс бойынша бастығы Ж.Құлқаев.
Жылыжай іске қосылса, 80 адамға жұмыс орны ашылмақ. Серіктестік басшылары жұмысқа тек ақшұқырлықтар алынады деп отыр.
Анар ШАМШАДИНОВА
Суреттерді түсірген СЕРІК МАЙЕМЕРОВ
1287
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.