©
«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы» шеңберінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «South Caspian Operating Company» компаниясының төрағалары Рао Есвара, Бехара Санкар Бхагаватхимен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар Ақтау және Атырау қалаларында қолданыстағы мұнай-химия зауыттарында қосалқы қондырғыларды пайдалану және оларға қызмет көрсету туралы шарт жасасты. Шетелдік компания Маңғыстау жерінде 9 жобаны жүзеге асыруға ниетті. Атап айтқанда ішкі тұтыну үшін бидайдан күніне 400 метрлік тонна крахмал өндіру зауытын, тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтыну үшін қуаттылығы тәулігіне 500-50 000 текше метр су тұшыту қондырғысын, 100-200 МВт қуаты бар күн/жел электр станциясын, мұнай-газ және өзге салаларда қолданылатын технологиялық азық-түлік жабдығын, үлкен құрылымдардын, мұнай сақтау қоймалары мен мұнай-газ өнеркәсібі үшін болат өнімдерін өндіруге арналған қондырғыларды, болат арматурасын шығару үшін қуаттылығы тәулігіне 400 тонна болатын болат зауытын, темір рудадан жасалған болат дайындамаларды шығаратын қуаттылығы тәулігіне 400-500 тонна болат балқыту зауытын, 100-ден 200 МВт дейін газ электр станциясын және автомобиль өнеркәсібі үшін аккумуляторлық зауытын салу жоспарланған. Сол арқылы аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасына игі ықпал етпек. - Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге екі жақтың да күш-жігерін салатынына сенімдімін. Сонымен қатар компания Кендірлі курорттық аймағының жобаларына: әуежайдың, тұрғынүй массивінің және туристік аймақтың құрылысына да атсалысатын болады, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. «South Caspian Operating Company» компаниясының төрағасы Рао Есвараның айтуынша, аталмыш жобалар жүзеге асқанда 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Алпыс жылдан астам тарихы бар аталмыш компания әлемнің 80 елінде жобалау, құрылыс және өндіру жұмыстарымен айналысады.Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген С. МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="38846,38847,38845,38844"]