Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені - ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл - ұлтымыздың ұйытқысы. Елбасымыздың: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауга тиіспіз», - деген сөзінің өзі ауыл - қазақтың алтын бесігі екендігін айқындайды.
Талай тарлан тербелген тал бесікте
Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылының 58 жылдығы атап өтілді. Дәл осы қарашаңырақта терең білім, тума талант, ауылдың ауасымен сусындаған, ел басқарған азаматтарымыз дүниеге келген. Сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекенді атаулы мерекесімен құттықтауға Жаңаөзен қаласы әкімдігінің ұжымы, бірқатар мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері барды. Алдымен, «Ауылым - алтын бесігім» стелласында жиылған қауымды күтіп алу рәсімі өтті. Өзен кенорнында алғашқы барлау-бұрғылау жұмыстары 1960 жылы басталғаны белгілі. Алғашқылардың бірі болып Мұрат Қайырлиевтің бригадасы Структуралық іздеу жұмысына кіріскен. Алғашқы мұнайшылар қатарында болған Ғазиз Әбдіразақов, Таңбай Қойшыбаев, Шертай Ережепов, Дегбір Бөлтеков, Тілеубай Досбосыновтардың есімдері осы стеллаға қашалып жазылған. Сондай-ақ, мұнда 1959 жылы ауылға алғаш қоныстанған жанұялар тізімі, мемлекеттік марапатқа ие болған қызылсайлықтардың да есімдері бар. Аталмыш ескерткіш-тақтаны орнатуға қаламыздағы «Ремсервис» мекемесінің басшылығы мұрындық болғанын атап өту қажет. Қызылсай ауылы әкімінің жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкеміздің ауыл-шаруашылығы саласына зор үлесін қосқан еңбек майталманы Жақсылық Көңілімқосұлы ескерткіш маңында жиылған жұртты қарашаңырақтың 58 жылдығымен құттықтады. Уақытпен санаспай, жұмыс бабындағы қиыншылықтарға мойымай қызмет еткен азаматтардың есімін ауыл жастарына мирас еткен осы ескерткіш-тақтаның маңыздығы атап өтілді. Тіпті, бұл «Ауылым-алтын бесігім» стелласы қызылсайлықтардың темірқазығы деген пікір де айтылды. Осыдан соң Қызылсай ауылында дүниеден озғандарға арнап құран бағышталып, жиылған қауым көліктеріне мінгесе «Шаңырақ» мәдениет үйіне жол тартты.
Шат-шадыман көңіл-күй «Шаңырақта»Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» - деген. Осылайша біз қайта түлеудің айырықша екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл дамудың жаңа кезеңінде алдымен ұлттық болмысымыз бен құндылығымыз, тарихымыз бен мәдениетіміз сақталуы керек. Рухани жаңғыру тұсында «Туған жер» бағдарламасының да маңыздылығы арта түседі. Қазақ елінің әр өңіріндегі сайы мен қыры, тауы мен жотасы, даласы мен қаласы терең тарихтан сыр шертеді. Осы тұста «Шаңырақ» мәдениет үйінде ауылдың 58 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Алдымен аты бүкіл алаш жұртына аян, Қызылсай ауылында өмір сүрген ақын, жырау Сүгір Бегендікұлының термесімен сүйемелденген ауылдың қыз-қыз қайнаған бір күндік өмірі туралы бейнеролик көрсетілді. Денеге қызу беріп, жанарға жалын салған көріністен соң ауылдың бірқатар келіндері қазақы киімімен, әнімен ортаға шығып, шашу шашты. Құдды бір тойға келгендей әсерде қалған біз шашу терісіп, мәз болыстық. Осындай ерекше нақышта басталған кештің одан әрі сәнді де мәнді өтеріне нық сенген дүйім жұрт мерекелік концертті зор ықыласпен тыңдады. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев жиылған қауымды ауылдың 58 жылдық мерекесімен құттықтап, қала әкімі Елубай Әбіловтің жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қызылсайлықтарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында Нұрлан Роман, Балаш Табылдиева, Тұрсынбай Назаров, Орынша Бекібаева, Баршагүл Бермағанбетова болды. - Майлы қиян - Маңғыстаудың теңіз қолтығына етене ене орналасқан ерекше тұсы Жаңаөзеннің қала болып қалыптасуының бастауы – Қызылсай ауылының құрылғанына 58 жыл! Ең алғаш геолог-барлаушылардың, мұнайшылардың мекені болған Қызылсай - бүгінде талай перзенттің кіндігінің қаны тамған туған түтін, талай түлектің қияға қанат қағарда қимай аттанған алтын ордасы. Осында 58 жыл бұрын, 1958-59 жылдары аңызақ иен далада 20 шақты жанұя жертөлелерді қоныс қылып, мұнай өндірісінің алғашқы қарлығаштары ретінде жаңа елдімекенді өмірге әкелген болатын. Бүгінде 5500-дей тұрғынға құтты мекен болған Қызылсай ауылы – кешегі ел ырзығын абыроймен жиған аға-әкелердің, апа-аналардың маңдай терінің, ерен еңбегінің өлшемі. Ауыл күні, отбасы күні мерекелері қарсаңында Сіздерді, барлық қызылсайлықтарды аталған мерекемен құттықтаймын. Ауыл болсаң, қауым бол дейді ғой қазақ нақылы. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен ауылдастардың оймақтай ойлары ауызбірлікке жетелеп, істеген жақсы , өнегелі істері туған жерім-ауылым үшін дегізер туған жерге деген құрметтен тұратынына сенемін, - деп ауыл әкімі Бақытжан Ізжанов қызылсайлықтарды құттықтады. Қызылсай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл тұрғындарына ауыл әкімінің Алғыс хаты табысталып, естелік суретке түсті. «Бұрғылау» ЖШС іргетасы Қызылсай ауылында қаланған. Ауылдың дамуына, өсіп-өркендеуіне аталған мекеме әрдайым демеуші болатындығын тілге тиек еткен жөн шығар.
«Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген Абай отыз үшінші қара сөзінде. Ұлттық өнерімізді бізге жеткізе білетін салалардың бірі – музыка. Мерекелік концерт барысында сезімнің сан түрлі иірімдері бейнеленген ән тыңдалды. Дүйім жұрт сахнада орындалып жатқан әнді жүрекпен қабылдап, бірге ән салып, қосылып отырды. Қызылсай ауылына белгілі ақын, сазгер Сәткен Амановтың орындауында «Қызылсай», «Ән дария» әжелер ансамблінің орындауында халық әні «Бүлдірген», Азамат Мұхамбетқазы мен Айзада Дәлубекованың орындауында «Туған жер» әндері мерекелік концертің көркін аша түсті. «Наз» би ансамблінің орындауында «Мереке» биі тамашаланды. Мерекелік концертті тамашалап отырған ауыл тұрғындарының жылы жүздерінен жайдары мінездері байқалып-ақ тұрды...
Кітап адамға дос қана емес, ұстаз, кеңесші, ақылшы қызметін де атқарады. Әлі күнге дейін Гуттенберг уақытынан келе жатқан ғылым мен білімнің басты жаңалығы әлі күнге дейін өз өзектілігін жойған емен. Қызылсай ауылындаңы терең ойдың, асыл сөздің мекенінің жағдайын білу мақсатында «Шаңырақ» мәдениет үйіндегі кітапханаға бас сұқтық.
Тағы оқыңыздар: Жаңа кабинетте жаңа мүмкіндік- Ауылдың 58 жылдығына арналған кітап көрмесін әзірлеген болатынбыз. «Қызылсайым мекенім – атыңды мақтан етемін» деген тақырыпта ұйымдастырылған осы кітап көрмесінен ауылдың құрылу кезеңінен бастап тарихын, жетістіктерін, ауылдан шыққан атақты тұлғаларымыздың өмірін көруге болады, - дейді Қызылсай ауылындағы №3 кітапханасының бас кітапханашысы Гүлбаршын Исаева. Жылына 1800-ден астам оқырманды қабылдайтын бұл кітапхана қорында 9736 кітап бар. Кітапхана қызметкерлері орталық кітапханамен байланыс үзілмейтіндігін, сұраныстың әрдайым дер кезінде орындалатынын алға тартты. Кітап көрмесін аралап жүргеніміз сол-ақ еді, тыстан «сары самаурын» қайнады деген хабар да келді.
Алты қанат ақ үйде
«Шаңырақ» мәдениет үйіне мерекелік концертті тамашалауға келе жатқанда-ақ, қазан асылып, дастархан жайылып жатқанын байқаған болатынбыз. Рухани азық алып, әсем әннен жан сусындаған соң, қонақтар жайылған ақ дастарханға орналасты. Қазақылықтың қаймағын сақтаған ауыл келіндері қазақы нақыштағы көйлек-жаулығымен көздін жауын алады. Олар төрде отырған ақсақалдардан бастап қуырдағы мен шәйін беріп жатты. Кезекпе-кезек құттықтау сөз алып жатқан ақсақалдардың арасында Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, еліміздің құрметті журналисі Асылбек Айдаров жаңаөзендік жастардың қайда жүрсе де туған топырағын ұмытпайтынын байқағанын айтып, жырақта жүрген жерлестеріміздің ыстық лебізін жеткізді. Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай, Бойына майдалықпен сыр сақтаған. Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай Қолы жетпес нәрсеге тыртықтаған, - деген Абай өмірдің жақсы жаманы ақыл мен надандықтың ортасында жүретінін ескертеді. Бұл өлең жолдарын бекер мысалға келтіріп отырғанымыз жоқ. Қызылсай ауылына әкім болып тағайындалғанына бір жыл толар-толмастан Бақытжан Ізжанов ауыл ақсақалдарының алғысына бөленді. «Қарғыс алма, алғыс ал»деген қазақ. Ендеше, жас әкім алдағы уақытта да қызмет барысында жауапкершілігін жоғалтпай, ауылға елеулі қызмет ете береді деген ойдамыз.
Түйін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда біраз нәрсе көз қуантты. «Шаңырақ» мәдениет үйінің концерт залына кіргенде-ақ уақыт төрт-бес ғасыр кейінге шегерілгендей көрінді. Қызылды жасылды басқұрлар қандай? Керегенің сәнін келтірген ұлтымыздың қазыналы мәдениетінің белгісі - тықыр кілемдер тіпті ерекше. «Шаңырақ» мәдениет үйі ұжымының да, Қызылсай ауылы әкімдігінің де осынау дайындығы дүйім жұртшылыққа эстетикалық рахат сыйлады десек артық болмас. Айта кетерлік тағы бір жәйт, осылайша Қызылсай ауылында ақ түйенің қарны жарылып, 58 жылдықтың тойлануына «Бұрғылау» ЖШС басшылығының қосқан үлесі де зор. Ендеше, қарашаңырақ Қызылсай ауылының ажары артып, қазаны қайнай бергей.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА