«Қазақстан темір жолы» компаниясы еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту, Қазақстанды ірі логистикалық хабқа айналдыру жөніндегі стратегиялық тапсырманы іске асыруда. Осы ретте Қазақстанның Каспийдегі логистикалық торабының қуатын 2018 жылдың аяғына дейін 25 миллион тоннаға жеткізу көзделген», - деді бүгін Ақтауда өтіп жатқан инвестициялық форумда «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті А.Т. Сұлтанов.
Қазіргі таңда мультимодальды логистикалық тізбекті дамыту мақсатында заман талабына сай құрғақ жүк және паром флоты жасақталуда. 2020 жылға дейін флоттағы кемелер саны 20-ға жетеді.
А.Сұлтановтың айтуынша, евразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Қазақстанның басымды бағыттарының бірі. «2020 жылға дейін транзиттік тасымалдың жылдық көлемін 7 есеге арттырып, 2 миллион контейнерге жеткізу көзделген», - деді ол.
Бүгін Маңғыстау облысының инвестициялық және транзиттік әлеуетін дамытуға арналған форумда Ақтау портының басшысы А.Н. Турикпенбаев пен Құрық портының директоры М.Сақтағанов баяндама жасайды деп күтілуде.