Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында болып, іске қосылған жобаларды көрді, алда атқарылмақ жұмыстар, шешілуге тиісті түйінді мәселелер жайында ой-бөлісті, міндеттерді нақтылады.
«Ақтау теңіз порты» АЭА өңірді жедел дамыту, тиімділігі жоғары, жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған өндірістерді ашу , өнімдердің жаңа түрлерін шығаруды игеру, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында құрылған. Қазір мұнда бірнеше компаниялар жұмыс жасап жатыр. Іске қосылған ірі жобалар облыстың экономикалық көрсеткішіне оң ықпал етіп келеді. Арнайы экономикалық аймаққа жасалатын жеңілдіктер инвесторлардың қызығығушылығын туғызып , қаржы құйып, өндіріс орындарын ашуға мүдделілік танытушылардың саны артып келеді.
«Ақтау теңіз порты» АЭА басқарма төрағасы Әмірбек Төлегенов облыс басшысына осындай оңды көрсеткіштермен бірге кейбір түйінді мәселелерді де баяндады.
- Орташа жобамен 500 миллион теңгеге темір жол салынды. Алдағы уақытта оны «Қазақстан Темір жолы» АҚ балансына өткізу мәселесінде көмектессеңіз. Өйткені, оны ұстап тұру бізге артық шығын. Сондай-ақ, 189 миллион теңгеге газ құбырын тарттық. Енді оны да газды жеткізіп беріп, күтуге тиісті мекеме балансына өткізгіміз келеді. Керекті құжаттарды дайындап бердік, бірақ қабылдап алу мерзімі тым созылып бара жатыр. Сонымен бірге , келген тауарды кеден бекетінде қаңтарып қоймай, өзіміздің қоймаға түсіргеннен кейін де кедендік рәсімдеуге болар еді, - деді Әмірбек Бекбасарұлы.
Ералы Лұқпанұлы айтылған мәселелерді шешуге тиісті басшыларға тапсырма берді. Газды нақты «қожасына» тапсыру жайы әзірге тиісті мекемеге сенімді басқаруға беру жолымен сатылап шешілетін болып келісілді. Сонымен бірге айрықша экономикалық аймақтың тиімділігі мен жеңілдіктерін жан-жақты насихаттау керектігін, бұл үшін Медиа орталықтардың, БАҚ құралдарының мүмкіндігін кеңінен пайдалануды ескертті.
Облыс басшысы шегендеу және мұнай бұрғылау құбырларына (СКҚ) арналған премиум кластағы газ-герметик бұрандалы байланыстар шығаратын кәсіпорында болды. Жоғары газ қысымына шыдайтын мұндай құбырлар құрылтайшы зауыттан арнайы жеткізіліп тұрады. Осында бұрандалар салынып, тұтынушыларға жөнелтіледі. Қазір мұнда бір ауысымда 25-30 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыт үш маусымға көшкенде 90 адамға дейін жетеді. Мамандардың 95 пайызы қазақстандықтар екендігін де айта кеткен жөн.
- «Қарашығанақ Петролиум Оперетинг Б.В», «Теңізшевройл» , «Жайықмұнай» компаниялары –тұрақты тұтынушыларымыз. Әрқайысына жылына 7-8 мың тоннадан құбыр жөнелтіп тұрмыз, - дейді «Танарис» ЖШС-нің директоры Дархан Нұрмұханов.
Аймақ басшысы «Kazirub-Indusries» ЖШС жұмысымен танысты. Жобалық құны 370000 миллион теңге кәсіпорын 2014 жылы 19 желтоқсанда ашылыпты. Жобалық қуаты жылына 200 шақырымдық шыны-талшықты құбыр шығаратын кәсіпорынның аяқ алысы жаман емес. Қазіргі таңда құбыр мен фитингілер жеткізу бойынша «Қаражанбасмұнай» АҚ-ымен 750 миллион теңгеге ұзақ мерзімге шартқа отырған ұжым алдағы уақытта өнімдерін республикадан тыс елдерге экспорттау және өндіріс қуатын одан әрі арттыруды мақсат етіп отыр.
Бұдан кейін ат басын тіреген "АrceIor MittaI Products Aktau" ЖШС мұнайгаз өндіріс, су, жылу жүйесі үшін құбырлар даярлайды. Шығарылатын өнім сапасы жақсы. Елу жылға дейін кепілдік беруге болады. Зауыттың негізгі тұтынушысы «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны.
- Әзербайжан, Өзбекстан, басқа да бірнеше елдер алдымен отандық өнімдерін алуға міндеттеп, сырттан құбыр кіргізбейді. Бізге Украина, Ресей, т.б елдер бәсекелес болып, өнім өткізуде қиындық тигізіп отыр. Тендер өткенде сапасы бізден артық болмаса да солардың өнімдеріне таңдау жасалып жатады, - деп серіктестік өкілі үкіметтік деңгейде шешілуге тиісті проблеманы да айта кетті.
Ералы Лұқпанұлы полиэтилен құбырлары зауытына аялдады. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 10500 тонна. Зауыт өнімі-160мм-630 мм аралығындағы әртүрлі қалыңдықтағы полиэтилен құбырларына деген сұраныс жоғары. Бейнеу ауданын газбен қамту, «Каспий жылу, су арнасы» МКК-ының тапсырысы бойынша қаланың су құбырларын жаңарту, Жыңғылды, Ақшұқыр, баянды елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асырған осы да мекеме. Жиырма шақты ғана адам жұмыс жасайтын зауыт облыс шаруашылықтарының су, газ құбырларына деген тапсырысын уақытылы орындап келеді.
Облыс басшысы керамзит шығаратын өндіріспен танысу барысында еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды тарту жайында ой бөлісті. Өзімізден шығатын топырақты пеште күйдіру арқылы аса қажет өнім шығартып жатқан кәсіпорынның мүмкіндігі жылдан-жылға артып келеді. Керамзиттен жасалған тас, кірпіштік блок, керамзитті-бетонды жабындылар, керамзитті-гипстік жабын, қабырғалар жылы әрі дыбыс «сіңіргіш» қасиеті бар. Шатырға жылы «төсеніш» ретінде қолданылады. Сонымен бірге оны ауыл шаруашылығында егіншілікке пайдаланса, ылғал ұстағыштығымен ерекшеленетіндігін де айтуға болады. Керамзитті кірпіш, керамзитті бетоннан 3 қабатқа дейінгі үйлерді тұрғызуға болады, 9 қабатты үйлердің салмақ түспейтін, қосымша қабырғаларын қалауға таптырмас материал.
2012 жылдан бері жыры бітпей келе жатқан шприц шығаратын кәсіпорынның жай-күйімен танысуға да уақыт тапқан өңір басшысы жұмысының 80 пайызы бітіп тұрған өндірісті іске қосу мүмкіндіктерін сөз етті. Халықтық банк, Даму банкі несиемен көмектесуге дайын. Өйткені, құрылтайшы сенімді серіктестік, бұған дейін алған қаржысын қайтаруда ұятқа қалдырған емес. «Сұраныс бар, ендеше, сенімді басқарушы тауып, өндірісті қосу үшін жұмыстану керек» деп Ералы Лұқпанұлы жауапты мамандарға нақты міндет жүктеді.
Жасалып жатқан жұмыстар аз емес, әрине. Дегенмен әлі де атқарылуға тиіс істер, жүзеге аспақ жобалар бойды кеңге салуға мұрша бермейді. Кез-келген түйінді мәселені күн тәртібіне қойып, үкіметке жеткізу үшін нақты, дәлелді ұсыныстар әзірленуі керек. Осыны ескерткен облыс әкімі Е. Тоқжанов жақсы, пайдалы бастамаларды қолдауға дайын екендігін де жеткізді.
Болат ҮМБЕТОВ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ