Бүгінде Жаңаөзен қаласында «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша «Бастау Бизнес» үш күндік курсында білім алып, жеке кәсіппен айналысамын деушілердің бірқатары мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсіптерін ашқан. «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзен қаласындағы филиалының мұрындық болуымен өткен курсқа қарапайым тұрғындар мен жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке бизнесін ашқысы келетіндер, кәсібін әрі қарай кеңейтуді көздегендер қатысқан. Аталмыш жобаның басты ерекшелігі қатысушыларға оқу курсынан өткендігі туралы сертификат берумен шектелмей, өз ісін ашып, аяғына тік тұрғанша көмек көрсету болып отыр. Полат Оразбаев та кәсіпкерлер палатасының қолға алған бастамасына қатысқандардың бірі болатын. Өзінің негізгі мамандығы механик болғандықтан, техникаға жақын кәсіпкер ісін бастапқыда көліктің қосалқы бөлшектерін сататын дүкенді ашудан бастайды. Курсқа қатысқан мақсаты да жұмысын жолға қойып, дамытудың жолдарын қарастыру болатын. - Курс үш күн жүріп, онда арнайы мастер-класстар өткізілді. Бізге жұмысты тиімді ұйымдастыру, стратегия құру, ең бастысы бизнес-жоспарды дұрыс жасауды үйретті, - деп, шараның пайдасына тоқталған Полат Оразбаев көп нәрсе меңгергенін айтты. Қазір кәсіпкерлер палатасы арқылы 10 миллион теңге несие алып, қолға алған техникалық қызмет көрсету станциясының құрылысын аяқтаған. Соған қарамастан, Полаттың алға қойған мақсаттары әлі де көп. Бүгінде автокөліктерге техникалық қызмет көрсету (ТҚКС) станциясы толық қарқында жұмысқа кірісіп, жанынан асхана ашу жұмысы басталған. - Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында, мейлі ол ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы, қызмет көрсету саласы болсын, бәріне бірдей жағдай жасалуда. Сондықтан жасалып жатқан мүмкіндіктерді толық пайдалана білу керек. Мысалы, маған несие жеңілдетілген 6 пайызбен, 6 айлық демалысымен берілді, - дейді ағынан жарылып. Расында, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз қаншалықты жаттанды болғанымен, еңбек түбінде бәрін жеңбек екендігін ұмытып жатамыз. Бастапқы капиталды қайдан табамыз немесе мені кім тыңдайды деген кертартпа пікірлерге құлақ аспастан бір істі қолға алу үшін де үлкен ерік-жігер қажет. Елбасы «Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 2030 жылға қарай екі есе өсуі тиіс. Ал, 2050 жылға қарай, бұл сектор басымдықта болады» деп айқындап, атаулы салаға баса назар аударуға тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда елімізде жұмыссыз, бірақ қолынан іс келетін жандар баршылық. Сондай жандарға мемлекеттен беріліп отырған жақсы мүмкіндік «Бастау Бизнес» жобасы жаңа кәсіптердің ашылып, жандануына үлкен үлесін қосып, еліміздегі жұмыссыздықтың алдын алуға бастамақ. Себебі, өз ісін дөңгелеткен азамат бірнеше адамды жұмыспен қамтып, көпшілікке шапағатын тигізеді. Соңғы уақытта өңірімізде бірқатар ауқымды істерді атқарып, кәсіпкерлер қауымына тікелей көмек көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлер палатасының көмегін алғандардың тағы бірі Ақнұр Оразова. Бүгінде «Рахат» шағынауданында жеңіл және жүк көліктеріне қызмет көрсететін станциясының ғимараты дайын, тек қана жеңіл косметикалық жөндеу жұмысын қажет етеді. Өзінің кірісі мен шығысын айырады деп жоспарланған кәсіпкерлік нысанында бастапқыда 3-4 адам жұмыс істемек. - Алғашқыда қорқақтап, ойланған сәттеріміз көп болды. Қаламызда көліктің көптігін ескеріп, соларға қызмет көрсету саласын таңдадық. Жалпы құрылыс жұмысын қаржыға байланысты үш жылдай жүргіздік. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмек беруімен, құрылысымызды аяқтап, жаздың алғашқы айларынан бастап көліктерге қызмет көрсетуді бастаймыз, - дейді. Автокөліктерге қызмет көрсетумен қатар сұлулық салоны бар Ақнұрдың ойға алған армандары көп, айтуынша «ең бастысы, жасалып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу» керек. Еліміздің ішкі нарығын жолға қойып, қызмет көрсету саласын, егін және мал шаруашылығын дамыту - жұмыссыздықты жойып, әлеуметтік ахуалымызды жақсартудың бірден- бір жолы болмақ. Сол себепті, жергілікті жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауқымды жұмысты ұйымдастырып жүрген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңіріміздегі барлық кәсіпкерлер қауымына көмек қолын созатын ұйым болып отыр. Әрине, Ақнұр мен Полат сияқты өз ісін ашуға ынталы азаматтарымыз баршылық. Тек қана қолдаудың болмауынан тынып жүрсе керек. Ал, «Бастау Бизнес» сияқты жобалар әлі талай жас бұлақтың көзін ашары хақ.
Жанайым Жарылқап