©
Салт-дәстүр сақталып, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған облысымыздың орталығынан ұйғыр, дүнген, түрік, өзбек, жапон, шығыс дәмханалары мен мейрамханаларын жиі кездестестіреміз. Мұндай қоғамдық орындардың кіреберісінен бастап, ішкі безендірулері, мәзірі, тіптен даяршылардың киімдері де сол ұлттың құндылықтарынан хабар беріп тұрады. Қаладағы осындай дәмханалар мен мейрамханаларды көргенде әрбір қазақ бізде де осындай ұлттық болмысымызды бедерлейтін орынның жоқтығына жасыған болар. Бұл олқылықтың орнын жергілікті азамат Олжас Демесінов толтырып, елді елең еткізді. Қалалық жер болса да, бейне бір ауылдың кішігірім көрінісі іспеттес қазақша ет орталығының ашылуы көпшіліктің көңілін көкке өрлетіп, нарықтың, халықтың сұранысына дөп келді.
Бір ай бұрын облыс орталығынан есігін айқара ашқан ет орталығына барсаңыз, кірген қонақтарға ұлттық киім киген келіндер сәлем етіп, қонақжайлылық танытып, төрлетуді ұсынады. Кіреберісте ұлттық нақышта безендірілген киімдегі, мойнына сүлгі ілген бала қонақтардың қолына құманмен су құйып, алғыс алып жатыр. Іші халқымыздың асыл мұрасы киіз үйдің кереге, ши, басқұр жабдықтарымен, ою- өрнекпен көмкерілген көрпе-жастықтармен, сондай-ақ келі мен келсап сынды көне бұйымдармен безендірілген.
– Мен жұмыс бабымен еліміздің көптеген өңірлерінде болдым. Аймақтарда қазақылықтың иісі аңқып тұрған дәмханалардан, ас үйлерден дәм таттым. Көкшетауға барғанымда табиғат аясында үй тігіліп, ұлттық тағамдар қойылған және қазақы ою-өрнектермен әсемделген дәмханада болдым. Сол сәтте ұлтымыздың бітім-болмысын, қазақтың қандай ұлт екендігін танытатын орталық ашу туралы ой келді. Сөйтіп, қолдағы қаражатымызбен екі бөлмелі ғимаратты жалға алып, осындай қазақша ет орталығын аштық. Қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді кәсіпкер.
Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді...
Қазақша ет орталығы ашылған күннен бастап мұннан қонақ үзілмепті. Біз барғанда бір үстелге жайғасқан қонақтар шүйіркелесе отырып бауырсақ,тары-талқан, ірімшік, құрт, балқаймақпен шәй ішіп, қуырдақ жеп жатыр екен. Екінші үстелдегі меймандар ағаш табақтан бидай ұн қосып иленген наны бар ет пен бұжы жеп, зереннен шұбат ішіп отырған байқадық. Үлкен залда жорық қуырдақ жеуге келген жастар жергілікті жыршылардың жырын ұйып тыңдап отыр.
Мұндағы ас мәзіріне келсек, дәмі тіл үйіретін тағамдар дайындалады. Мәселен, жылқы мен қойдың етінен ет, қуырдақ, маринадталған қуырдақ, жылытпа- нарын пісіріледі. Ал сірне, жорық қуырдақ, күріш қосылған қазақша ет алдын ала тапсырыспен дайындалады. Шәйға балқаймақ, құрт, науат, өрік, тары-талқан, бауырсақ сынды ұлттық тағамдар, сондай-ақ сусындар беріледі.
– Біздің ортылығымызда барлық тағам түрлеріне тапсырыс жиі түседі. Қала тұрғындарының және қонақтардың тапсырына қарай жеткізіп беру қызметін де ұсынамыз. Мәселен, орталықта жиі пісірілетін жорық қуырдақтың жасау әдісін әжемнен үйрендім. Бұл асты әжем ерте заманда жорыққа аттанған жауынгерлердің асы болғанын айтып отыратын. Жорық қуырдақты пісіру үшін тұздалған етті қойдың қарынына салып, буға пісіреміз. Бұл тағамды дайындауға 6 сағаттай уақыт кетеді. Алдағы уақытта ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды пісіруді жоспарлап отырмыз, – деді аспаз, кәсіпкердің жұбайы Нағима Әбу.
Орталықтың ашылғанына аз уақыт болса да тұрғындар мен қонақтардың жиі келетін орнына айналып үлгеріпті.
– Мұнда облыстың тұрғындары, өзге өңірлерден келген қонақтармен қатар шетелдік меймандар да тамақтанады. Шетелдіктер ерекше қызығушылық танытып, етті сүйсініп жейді. Тіпті тағамдарымыздың дәмділігіне тамсанып, бірнеше кесе сорпа ішкен қонақтар да болды. Түскі және кескі ас уақытында, әсіресі аптаның аяғында келушілердің, тапсырыс берушілердің де қатары көп. Қазақ сыйлы қонағына ет асады. Біздің әрбір қонағымыз сыйлы. Сондықтан көпшіліктің көңілінен шығып, дәмді, сапалы тағам дайындауға тырысамыз, – деді әңгіме үстінде кәсіпкер Олжас Демесінов.
Қонақжайлылық пен сапалы қызмет, жайлы жағдай үйлесім тапқан орталықта ұжымдық кештер, отырыстарға, мерекелік шараларға тапсырыстар қабылданып, қалауыңызға қарай жыршы- термешілер шақырылады. Кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттен жер берілсе кәсібін кеңейтіп, киіз үйлер қалашығында қазақша ет орталығын ашуды жоспарлап отыр.
P/S "Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қоямын" депті бір ұры. Еттен бас тартпаған қазақпыз. Ендеше, Ақтау орталығындағы ұлттық кафемізге барып, астан дәм татуды ұмытпайық, ағайын!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН