25 сәуір Жаңаөзен ҚІІБ ЖПҚ-нің Қызылсай ауылы учаскелік инспекторларының ағымдағы жылдың 4-айында атқарылған жұмыстары бойынша халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Қызылсай ауылының «Шаңырақ» МҮ-дегі жиынға ауыл әкімінің орынбасары Айболған Сапарбаева, қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Айдаров және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында учаскелік инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Әбу Тәшенов 4-ай ішінде қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, ұсақ тәртіп бұзушылықтың алдын алу қызметтері негізінде жұмыстар атқарылғандығын баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері ауыл көлемінде 9 қылмыстық оқиға орын алып, біреуі өзінше билік ету, сегізі бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, яғни ұрлық деректері бойынша тіркелген. Нәтижесінде 4 қылмыстың беті ашылып, қалған бесеуіне іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, баяндамашы наурыз айынан бастап Қызылсай ауылында да «Сәлеметсіз бе! Мен Сіздің учаскелік инспекторыңызбын!» атты акция жүріп жатырғандығын айтып өтті. Бұл акция аясында теріс ағымдағы тұлғаларды және жалдамалы пәтерлерді анықтау, ең бастысы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күнделікті тұрғын үйлерді аралау, танысу, визиткаларын тарату жұмыстары жасалып жатырған көрінеді. Есепті мерзімде құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында учаскелік инспектор ауыл халқына тұрғын үйлерін, көліктерін, малдарын, жеке нысандарын қараусыз қалдырмауды ескертті. Терезелерге темір тор орнатып, дүкендерді Күзет орталығына пультке қосуды тапсырды. Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласты.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА