Кенорнына күн арқан бойы көтеріле жеттік. Ауа-райының өзгерісі, салқындық жұмыс ырғағына әсер етер емес. Әрі –бері қозғалған ауыр техникалар, «бас шұлғу» әдетінен жаңылмаған качалкалар, қаз-қатар тізілген ұңғылар, алыстар мұнартқан мұнара-үйреншікті көрініс. Бірнеше қабат жатақханалар, зәулім ғимыраттар жылжыған жылдармен бірге іске асқан ұлаңғайыр оң өзгерістердің хабаршысы сияқты. Сонау сексенінші жылдардағы мұнайшылар жатқан жылжымалы вагондар, палаткалар – бүгінде естелік.
№4 мұнай өндіру кәсіпшілігіне қарасты 42-ші топтық қондырғының жанына тоқтай қалдық. Сырлап, бояп, бүгін әкеліп қоя салғандай алып бөшкелер жарқырап тұр. Тәулік бойы «ақ тер-көк тер» боп, тыным таппайтын сораптардың үйреншікті даусы. Ертеректе вагондар тұратын бұл жерде. Топтық қондырғылардың бәрі бүгінде кірпіш тастан қаланған. Жұмыс процестері автоматтандырылған. Бұрынырақта 3-4 адам атқарған жұмысты қазір 1-2 оператор дөңгелетіп отыр. Жуынып, шайынатын су да іште. Жылы бөлмеде көңілі көтереңкі мұнайшылар әңгімеге де ықыласты.
— Еңбек жолымды бастағаным күні кеше сияқты еді. Отыз жыл да сырғып өте шығыпты. Қази Әлиев, Мамыртай Қасмұратов сияқты ағалардан тәлім алған кешегі бозбала мен де бүгін кейінгі жастарға үйрететіп жүрмін. Қарауымыздағы 30 ұңғыдан тәулігіне 1200 текше метр сұйықтық алынуда. Қысымы төмендеп, өнімі азайып кеткен ұңғы болса дер кезінде тексеріп, реттеп отырамыз,-дейді оператор Қалдыбай Сағындықов.
Тағы жолға шықтық. Бағытымыз-№1 мұнай өндіру кәсіпшілігінің 40-шы топтық қондырғысы. Әлгінде бет шымшылаған аяздың қаһары қайта бастағандай. Тас төмбемізде тұрып алған күн мейірлене сәулесін төкті. Түңгі ызғармен әр жерде қонақтап қалған қырау еріп, тұзды топырақ ылғалдана бастаған. Әлгіндегі көрініс мұнда да қайталанды. 18 ұңғыдан тоқтаусыз жиналған мұнайдың есебін шығарып, қыздыру пештерінің, сораптардың жұмысын қадағалап жүрген жас жігіт өзін «Нұрбек Томпиев» деп таныстырды. Биыл «Қазмұнайгаз» ҰК бойынша өткен «Үздік маман» сайысында 3 орын алыпты. Қоғамдық жұмыстарға, спорттық шараларға да белсене қатысады екен. «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында футбол командамыз 1 орын алды» деп тағы бір жетістіктерінен хабардар етті. Қазақстан Тәуелсіздігінің құрдасы, оператор Серік Оралбаевты да осы маңнан кездестірдік. Оңтайлы сәтті қалт жіберсін бе, фототілшіміз Талант Құсайынов шырт еткізіп, суретке түсіріп алды.
Екінді кезінде тоқтап, кідірген орнымыз- өндіріс жабдықтарын жөндеу және жаймалау цехы болды.Мұнда да ілгерлеу көрсеткіштері, оң өзгерістер аз емес екен. Өнертапқыштар енгізген жаңалықтар арқасында жұмыс процестері де жеңілдей түскен.
— Бұрын пештің жыланүйрегін ауыстыру қиямет еді. Көтергіш кран, К-700, басқа да техникалар, онға тарта адам жұмылып, әзер салатын едік. Қиындығы, көп уақыт алатындығымен бірге, бұл өте қаіпті де жұмыс-ты. Қазір оны екі-ақ адам аусытыра береді. «Буря» деген жабдық сатып алу арқылы технологиялық процесті тоқтатпай тұрбаға келесі тұрбаны жалғау жұмысында жеңілдеттік. Үш бригадамыз бар. Темір жону, пісіру, пластикалық құбырларды жөндеу, құбырларды өндірістік қалдықтардан тазалау процестерінің бәрі бізде атқарылады. Екі вахтада 130 жұмысшы жұмыс жасайды,--дейді бізді көңілді күйде қарсы алған цех бастығының орынбасары Ернұр Жолдыұлы.
— Токарь, фрезерь станоктары жаңартылды. Қазіргі жұмыс жасап жатқандарының көпшілігі- Болгарияның жабдықтары. Жұмымыс жасауға жеңіл, ыңғайлы, әрі өнімді, -деп әңгімеге темір жонушы Әбдіғали Қайырғалин араласты.
Бесін ауа «Қаламқассервис» басқармасына ат басын тіредік. Кәсіпорын басшысы мұнайлы өлкеге еңбегі сіңген, аймаққа белгілі азамат Сүлеймен Мадияровтың ұлы болып шықты. Есімі-Самат. Ұрпақтар сабақтастығының бір мысалы – бұл. Ұңғыларды жөндеу, бұрғылау, игеру және химияландыру жұмыстарын осы мекеме атқарады. «Күрделі жөндеумен айналысатын 9, жер асты жөндеумен айналысатын 14 бригадамыз бар. 45 ұңғыны бұрғылап, жоспарды барлық көрсеткіштер бойынша орындап тұрмыз. Жуырда футбол турнирін өткіземіз. Келіңіз. — дейді Самат елгезектік танытып.
Ұңғыны бұрғылау және игеру цехы осы жерден қашық емес екен. Біз келгенде жұмыс қызып жатты. Цех бастығы Тілек Вановты сөзге тарттық. «Ана тұрған «МБУ-125» деген бұрғылау станогы, өзімізде, Петропавл қаласында жасалған. Вахтада 16 бұрғышы бар,екі ауысыммен жұмыс жасайды. Жатар орнымыз жылы, шағын асханамыз бар, жағдайымыз жақсы» деп қысқа қайырды.
Қайтар жолда «Ойлтранспорт Корпорейшн» ЖШС –нің Қаламқастағы учаскесіне соқтық. 1179 жұмысшының басын біріктіріп отырған кәсіпорында 418 техника тынымсыз жұмыс істеп тұр екен. «Көліктеріміздің 80 пайызы жаңартылды. Ұңғыларға техникалық қызметтер көрсету, ішкі тасымалдау- біздің құзырымызға жататын жұмыстар. Көрсеткішіміз жақсы», — деп мекеме бастығы Амалбек Қиялов жоспар көрсеткіштерін сөз етті.
Қас-қағым уақыт зулап өте шықты. Айнала қоңырланып, күн ұясына батып барады. Сапарымызды қорытындылауға асықтық. Қаламқас өндірістік басқармасы бастығының бірінші орынбасары Жанбоз Айтуаровты орнынан таптық. Өндірістің мәселеге қатысты біраз жайттан хабардар болдық. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бойынша жоспар 6 миллион 285 тонна мұнай өндіру болса, оның 4 миллион 103 миллион 103 тоннасы «Қаламқасмұнай» өндірістік басқарасының үлесіне тиеді екен. Бүгінге дейін 3 млн. 914 мың тонна өндірген мұнайшылар меже биігінен көрінуге сенімді.
— Жаңалық көп. 2014 жылдың қараша айында газ-электр стансасы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Қаламқастағы электр қуатының 80 пайызын осы өзіміздің станса беріп отыр. Соңғы екі жылда суландыру деңгейін азайтатын 2 қондырғы іске қосылды. Тоқсаныншы жылдардан бері бірнеше жатақхнан, спорт кешені, асхана, басқа да әлеуметтік нысандар іске қосылды. Бәрі егемендіктің арқасы. Келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығықұтты болсын! Еліміз көркейіп, дамып, көкбайрағымыз асқақтап, желбірей берсін! — деп Жанбоз замандас ақжолтай тілегін де жеткізді.
Еліміздің дамуына өз үлесін қосып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын лайықты қарсы алғалы отырған ұжымға біз де табыс тілеп аттандық.
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН