Таяуда Біріккен ұлттар ұйымының «Дамыту бағдарламасы шеңберінде биоалуантүрлікті сақтау жолдары және жердің тозының алдын алу» деген тақырыпта Құрық кентінде дөңгелек үстел өтті.
Өңір үшін маңызы зор мәселені көтеріп отырған басқосуды ашқан Қарақия ауданы әкімі Ә.Дауылбаев БҰҰ Даму бағдарламасында көзделген шаралардың алғашқы нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті.
— Аудандағы басты проблеманың бірі – кәріз суларын тазалап, қайта пайдалану , «жасыл» экономикаға негізделген энергия қуаттарының қолданыла бастауы бюджет қаражатын үнемдеп отыр. Күн көзінен, желден электр қуатын алып, құдығынан су тартып, үйіне жарық жүргізіп, теледидарын тамашалап отырған кәсіпкерлердің өнегелі ісі өріс жайып келеді, — деп аудан басшысы екі жыл ішінде іске асқан басты жобаларды мысалға келтірді.
БҰҰ Дамыту бағдарламасының биоалуантірлікті сақтау жобасы бойынша менеджері Т.Кертешев 5 халықаралық жобаны іске асырып жатқандықтарын, оның ішіне Алматы , Қызылорда, Маңғыстау облысы аумағын қамтитын жұмыстардың да кіретіндіктерін, бұл ретте, Үстірт қорығы аумағының айрықша маңызға ие екендігін сөз етті. Жердің нәрі кетіп, топырық тозып жатқан кезде бұл процесті тежеу, жан-жануар, өсімдіктер дүниесін сақтап қалу-міндет. Осы мақсатта біздің аймақтан Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия аудандарында Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрлігі қолдауымен тәжірибе жүргізіліп, екі бағытта -гранттық және несиелік жобалар бойынша жұмыстар атқарылуда.
— Облыс бойынша 16 жобаны іске асырып жатырмыз. Қазақстан бойынша қаралған 265 миллион теңгенің 25 миллионы сіздің өңірге бөлінді. Қалғанын Алматы мен Қызылорда облысы алды. Маңғыстаудың үлесі аз, 8 жобаны әзер шығардық. Тұрғындар тиімділігін әлі жете түсінбей жатыр. Қай мекеме 4 пайызбен несие береді? Жайылымды жақсарту, егістік жерді суландыру сияқты гранттық жобаларға қайтарымсыз қаражат бөлініп отыр. Мүмкіндікті пайдаланып қалу керек, — деді Талғат Сейітұлы.
Құрық кентінде жобаның игілігін көріп, жылыжай, наубайхана, тігін цехын ашып, мал өсіріп, егін салып отырғандардың қатары көбейіп келе жатқандығына қуандық. БҰҰ Дамыту бағдарламасы қолдауымен, ЖаҺандық экологиялық қордың қаржыландыруымен (ЖЭҚ) іске асып жатқан жобалар Үстірт қорығы маңындағы елді мекендерді қамтиды екен. Айталық, Қызылорда облысы Барсакелмес қорығы болғаны үшін қамтылып отыр.
— Үстірт қорығы аумағын кеңейту, ондағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу, жайылымды қалыпқа келтіру, су көздерінің көзін ашу, қорық маңында мал өсіру, осы мақсатта атқарылмақ істерге тұрғындарды қатыстыру мақсаты көзделіп отыр. Қазақстан халықаралық Париж келісіміне қол қойды. 2025 жылға дейін ауаның ластануын 15 пайызға азайтуымыз керек. Ол үшін сексеуіл, жыңғыл, басқа да өсімдіктер өсіруге, «жасыл» экономикаға, биологиялық алуан түрлікті дамытуға баса мән берілуі тиіс.
Жергілікті халық қорықпен бірлесіп жұмыс жасауы керек,- деді сөзінің қорытындысында БҰҰ дамыту бағдарламасының менеджері Т.Кертешев.
Дөңгелек үстелде Үстірт мемлекеттік қорығы директорының орынбасары М.Ағиев, «Сенек» ЖШС директоры Қ.Наурызмағанбетов, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бойынша сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Б.Садық, «Қазақстан фермері» қорының сарапшысы В.Левин, БҰҰ Дамыту бағдарламасы Маңғыстау бойынша бірлескен жобасы сарапшысы А.Тахиталиева, «Ербол» шаруа қожалығы жетекшісі О.Оразов сөз сөйлеп, ой-пікірімен бөлісті.
Жердің шалғайлығына байланысты таза, табиғи күйінде сақталған Үстірт қорығының туризмді дамытуға маңызы зор. Мұнай, газ, басқа қазба байлық та таусылады. Қалатыны табиғат ғана. Табиғи аураны сақтауымыз керек. Туристер бізден гөрі Монғолия, Қырғызстан, Өзбекстанға неге көбірек келеді. Себебі онда да атпен серуендеуге, киіз үйде демалып, қымыз іше алады, ең бастысы, көрсетілер қызмет арзан. Үстірт қорығының игілігін, пайдасын маңындағы халық көруі керек.Шетелдіктерді арқар, қарақұйрық, басқа да аң-құстарымызбен қызықтырайық, дәмді шұбат, қымызымызды ұсынайық. Қытайлық «Хансу» компаниясы Үстірт қорығы маңында геологиялық жұмыстар жүргізді. Біз азғана адамды жұмысқа алғанға мәз болдық. Арқар, қарақұйрық өрісін өзгертіп, басқа бетке ауып кетті. Неге өтемақы талап етпеске. Қорық маңындағы Сенек, Аққұдық, Құланды, Төлеп елді мекендері тұрғындарына бұл көмек болар еді. Осы ретте ,заңды жетілдіру маңызды. Қорыққа қызметке адамдарды жер жағдайын жақсы білетін, аң-құсқа жаны ашитын, таяу маңдағы ауылдардан алған жөн. Су, жарығын жүргізіп берсе өз малын баға жүріп, жұмысын атқарар еді. Тау-жыралардағы бітеліп қалған су көздерінің көзін ашуды қолға алу қажет. Қоғамдық кеңес, экологиямен айналысатын мекеме, тұрғындар болып, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Аңның да, малдың да тұяғы тимей жер азып, сорланып бара жатқаны рас...
Түстен кейін «Ербол» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Мұнда «жасыл» технологияларды қолданып, жоғары өнімді пішендік-жайылымдық алқаптар жасауға бағыт ұсталған. Жобаның мақсаты-топырақ құнарлығын арттыру және мал шаруашылығын қысқы кезеңде азықпен қамтамасыз ету. Көлемі 10 гектар жерге жонышқа, жаздық арпа, судан шөбі, жаздық рапс, т.б. жергілдікті жерге бейімделген жем-шөптік дақылдар егіліпті. Жаңбырлатып суаратын агрегаттарды қолдану арқылы су үнемдейтін технологияның пайдалануы да үйренетін тәжірибе екен.
Бесін ауа «Тұлпар» шаруа қожалығына жеттік. Мұнда балама қуат көздерін тиімді пайдалану үшін жоба есебінен қуаты 5000 вт жел-күндік электрмен жабдықтау жүйесі орнатылыпты. Жүйенің құрамында жел генераторы мен күн панелі бар, бұл жел мен күннің қуатын жинақтап, сақтап, пайдалануға мүмкіндік береді екен.
— Тіпті рахат болды. Екі жүздей жылқыны электр қуаты арқасында құдықтан су тартып суарып отырмыз. Жарығымыз бар, теледидар көреміз, тоқ шәйнегіміз қайнап тұр. Енді кәсібімді одан әрі дамытсам деймін. Үйрек-қаз ұстағым келеді. Айналаны көгалдандырып қоюға, көкөніс егуге де мүмкіндік бар, — дейді «Тұлпар» шаруа қожалығы жетекшісі Сағындық Өтепбергенов. Қырықыншы жылы дүниеге келіп, өмір бойы мал бағып келе жатқан ақсақалдың басты көмекшісі- кенже ұлы мен келіні.
— Шет тілі маманымын. Қазір бәрін қойып, қожалықтың шаруасымен айналысып жүрмін. Шұбат, қазы-қарта өзіміздікі. Ауысқанын ақша қыламыз. Кәсіпті дамытуға мүмкіндік бар, грант беріп, қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Оралдың қызымын. Атым Фатима — деп келіні көпіршіген дәмді шұбатын құйып жатыр. Сүйсіндік. Қуандық. Ынта, құлшыныс барда бәрін істеуге болады екен.
— Маңғыстау жағдайында шөпті өз тұқымынан көбейтіп отырған тиімді. Тәжірибе үшін алты мың гектар жайылымды төрт бөлікке бөлдік. Биыл мал мына бөлікте жайылса, келесі жерде басқа маңда. Жерді осылай кезек-кезек демалдырып, құнарлығын сақтап отырамыз. Нәтиже жақсы. Өзіңіз де көрдіңіз мал күйлі. Екі жыл бұрын Сағындық ағамыз «бұл жерде су тапшы, кетемін» деп еді, енді тағы да басқа кәсіптер ашуға құлшынып отыр. Біздің мақсат та осы-гарант бөлу арқылы іскер жандардың кәсібін дамытуына ықпал ету, — деп ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтияр Садық әңгімеге араласты.
... Жоны жылтырап, күн сәулесімен шағылысқан, күйі қоңды бір үйір жылқы құдыққа беттеп келеді...
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН