Жолы түссе Ақкетікке бір табан тигізбей кетпейтін ақын Фариза Оңғарсынова 2012 жылдың жазын шетелге аспай, теңіз төсіндегі ақ шаңқан шахар Ақкетіктегі "Аққу" қонақүйінде өткізген-ді. Сол тұста талай жақсылармен жиындар өткізіп, ақ тілегін арнаған еді. Сол демалысынан бір жыл бұрын 2011 жылы Ақкетікте жырсүйер сіңлісі Мира Төрәліқызының ұйымдастыруымен ақын Фариза Оңғарсынованың әдемі кеші өтті. Кештің ұйымдастырылуына ақын риза болып, сол сапарынан Астанаға оралысымен "Ақкетік арайы" газетінің редакциясы арқылы лебізі мен "Ақкетік" өлеңін жолдағанды. Жыры да, сыры да тарқамайтын Ақкетіктің туған күнінде мұрағатымыздағы өлеңді оқырман қауым үшін қайта ұсынуды жөн көрдік.
АҚКЕТІК
Ақ толқындар алас ұрып жаға жаққа жарысады. Құлай кетеді бара сұлық, жұмбақ кіммен табысары. Толқындардың сұсты бәрі, жетем дей ме ақ қалаға. Ызаланып ышқынады, жолай алмай қақпаға да. Теңіз сүйген ақ балтырын қандай әсем мына қала! Жағалаудың мақпал түнін сүймей адам тұра ала ма! Қыз жүгіндей нұр қаланы тербеп жұпар таң самалы. Қонақ келсе мұнда бәрі туғанындай қарсы алады. Ақкетіктің халқы қандай өнер десе тік тұратын, Елдің дәстүр-салты қалмай, ойлайды тек ұлт мұратын. Маңғыстауға барасың ба – Ақкетікті сұрап қара: Хазар-теңіз жағасында бар осындай жұмақ қала.Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
Күні кеше дүбірлеп өткен той төрінде құтты қонақ болған ақын Оңайгүл Тұржан Форт-Шевченко қаласының 170 жылдық тойындағы "Аламан бәйгеде" жыр маржанын төгілтіп "Маңғыстауым" өлеңін арнады.
МАҢҒЫСТАУЫМ
Әр қыстауын тарих қып жаратқаным, Маңғыстауым-күллі әлемді қаратқаным. Аңызы бар ішінде қауғаның да, Түйелердің ізінде маң-маң қылық. Қайсар гүлдер өседі тауларында, Тастарды таңқалдырып. Ебелектің етегі бүгіледі, Жиналсақ, біз де орман құраймыз деп. Тоқтамастан құйындар жүгіреді, тоқтасақ құлаймыз деп. Тағдырына шынығып мұз қарыған, Жұлқылап оятады текті желі. Маната тау өзінің құздарынан, Пойыздарды арқалап өткізеді. Ал халық ше? Өзінен қонағы көп, Салтын бұзбай келеді аялы елім. Қазақ деген осындай болады деп, Көрмелерге апарып қояр едім. Апарып қояр едім, Көрмелерге сөйлейтін өңге тілде. Тұрара едің нұр ойнап келбетіңде. Әттең,сен сиятын көрме жоқ жер бетінде.Оңайгүл ТҰРЖАН
АҚКЕТІК АРМАН, ЖЫР ҚАЛА!
Саз көшкен, Жанарыңнан, сағым көшкен. Астасып ару арман, ару кешпен, Ақкетік! Бұлтты аспанға, Бұрылып таңдай қағып, Талай - талай басыңнан Дəуір көшкен!... Ақкетік арман, жыр қала! Сыбызғы сыңсып, Тарихы терең бұл қала, Талайға таңдай қақтырған Апайтөс жігіт, Ақбөбек қыз боп бір қара! Ақкетік айнам айта алсаң, Шежірем шертіп қайтар сан.. Бабамды шығар молаңнан, Тарихқа үкім айта алсаң... Қабағы қату, Ғасырлар көшті мұз көктеп, Тырналар қайтты, Қауырсын мұңын тізбектеп, Ақкетік жақтан аяулы, Баһадүр! Бабамды тұрмын іздеп кеп!... Ақкетік арман жыр ескен, Қып - қызыл қаның, Ер баба! Молаңда тұрмын гүл өскен... Əділетсіз ақ патшамен айқасып, Ақкетік сенсің! Адай боп кеше күрескен!... Теңізден! Соққан сайын текті лебің, Тарихтың, Жаншып талай ептілерін, Ақкетік десем Ер Жалауым, Иса мен Досандарым деп білемін!... Ақкетік қала! Көзіңде жатса, Кіреуке салып, бірер мұң, Арыңды қайрап, Ақ патшаға да түнердің,... Иса мен Досан тұр анау! Намысын қайрап Жігердің! ... Ұрпақ өсіп, Жайқалып, көктесін деп, Жылдардың талай бастың өкпесін кеп, Уылдырық кеткені ештеңе емес... Ақкетік абай болып əлі тұрсың! ... Ұлылығы ұлтының кетпесін деп! Кеудеңе Каспий күй еніп, Тоқыма бұлттар, Арқауын салды жиі өріп... Ақ мəр-мəр қала Ақкетік! Сүйегің асыл, Каспийге тұрған Сүйеніп!... Ояздары, Озбырлау жаттан күйдің... Оққа қарсы, Əр баласы аттанды үйдің... Қақ жарып, Қара қылды, билік айтқан, Мекенісің Ақкетік Мəтжəн бидің! Шерлі өлең, Шүріппе мылтық, шерлі елім, Ақкетік, сонда ақиқаттарға шөлдедің... Ақ патша Оязға кеткен кегімді... Қайтардың кеше сен менің!!! Ақкетік! Айбарлы, айдарың бүгін жыр ескен!... Желкенді жылдар, Иіріп сонда жіп ескен, Тәуелсіз күнді, Талпынып күткен əуелден, Ақкетік сенсің, Тəуелсіздік үшін күрескен!!! Жүз жетпіс жыл... Тойлаған тойын бұл қала, Ақкетік арман жыр қала, Тойларың тойға ұлассын!... Келер күндерге, Нар жігіттермен намысты, Айкүміс қыз боп бір қара!...Ақшагүл РАМАЗАНОВА
Ақкетіктен шыққан ақын қыз Жұмагүл Мұрсалова осы уақытқа дейін "Ақкетікке аттың басын бұра кет" өлеңін арнаған болатын. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған жыр додасына жаңа жыры "Ақкетікті" бәйгеге қосып, бас жүлдені иеленді. Жұмагүлдің сиясы кеппеген жаңа өлеңі Ақкетіктен жырақта жүргендерді елітіп, елге шақырып тұрғандай...Жазар жырың көп болсын, жұмада туған ақын қыз!
АҚКЕТІК
Айыптамас, демес мені өзімшіл, Асығамын арманыма, сөзім шын. Атырапқа аузым тола айтатын Ақкетігім, асыл жырым өзіңсің. Құдірет деп көк теңіздің дауылын, Қоныс көрген әу бастан-ақ тау ығын, Қарапайым, бәз-баяғы қалыппен Қала атауын иеленген ауылым. Каспийге кеп күнде қанша қара сен, Көңіліңнің көзі тоймас тамаша ем. Күннің көзі көтерілер тау асып Кие қонған бұл қаланың таңы әсем. Егіз ембей иман менен ақылдан, Елсіз қалар қара басы жақын жан. Есті жанды елең етіп елітер Еу, Ақкетік, айналайын атыңнан. Теңіз маған шабыт сыйлар көк тұнық, Тауым менің талабымды етті нық. Тарихым өз алдына таусылмас, Табиғатым тұнған тегіс тектілік. Ісім болмай кеткен күні өлеңмен, Ізгі елімнің лебізіне бөленгем. Іздесеңіз, осы жерден табасыз Ірілікті ұлы өнерге өлермен. Кісіліктің табамын деп тетігін Келді өмірдің кірпіші боп бекігім. Көңілімді көкке ғана көтерер, Кіндігімнің қаны сіңген Кетігім!Жұмагүл МҰРСАЛОВА