Жасанды гүлзардан жасалған «Мен Жаңаөзенді сүйемін» сәулет композициясы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. Қазірдің өзінде-ақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Сәулет өнері – техниканың, ғылымның және өнердің тоғысқан жері. Грекия елінен бастау алған бұл өнер қазіргі заманда қарыштап дамып келеді. Заман ағымына ілескен сайын, түрлі ғимараттардың дәстүрлі формалардан бөлек басқаша кейіп ала бастауы да заңдылық. Соңғы жылдары әлемнің небір дамыған мемлекеттерінде қарапайым формадағы сәулет өнерінің туындылары танымал болып келеді. Солардың бірі «Мен сүйемін» деп жергілікті географиялық атауды ағылшын тілінде кескіндеу. Еліміздің Ақтөбе, Қостанай, Шымкент сынды ірі қалалары мен Астанамызда орналасқан мұндай жаңашылдық белгісі мұнайлы өлкенің де төрінен орын тепті. Алғаш рет мұндай «жазу» Амстердам қаласында 2004 жылы пайда болды. Қала сәулетшілерінің туристердің назарын аударту үшін ойлап тапқан бұл әдісі сәтті шықты. Ақ және қызыл түсті ауқымды әріптер легі алғашында жарнамалық мақсаттағы бренд қалыптастыруды көздеген.
«Мен Жаңаөзенді сүйемін» сәулет композициясы орнатылғанына аз уақыт болғанына қарамастан әлеуметтік желілерде танымал болып үлгерді. Ірі мегаполистерде мұндай жұртшылықтың көп жиналатын орындарын кәсіпкерлік мақсатта тиімді пайдалану көзделген. Осындай бағытта жаңаөзендік кәсіпкерлер де жұмыстанады деген сенімдеміз. Осыған дейін қаламыздағы түрлі демалыс орындарындағы субұрқақтары күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылған болатын. Басты көшелерді абаттандыру жұмыстарының нәтижесі де байқалады. Мұнайшылар мекенінің сәулеті келіскен сәнді қалаға айналып келе жатқанын бағалау, сақтау тұрғындардың еншісінде.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА