©
Той дегенде алдымен жастар қуанады емес пе? Жалынды жастық шақтарының әр күнін думандата әсерлі өткізгісі келетін жастар жігерлі, жалынды шаралар басынан сөзсіз табылады. Олар бар іске білек сыбана кірісетіні белгілі. Дәл сондай белсенділікті танытқан Ақкетік жастары күні кеше қала күнінде аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, «Қолдау» орталығы демеушілігімен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай флеш-моб байқауын өткізді. Қала басындағы 4 мектептен қатысқан жастар ұзақтығы 7 минуттан аспайтын әуенге топтық, заманауи би қойылымын ұсынды.
Байқауда топтық биді тобыр биі ретінде емес, патриоттық рухты көтерер элементтермен әрлеп, әуен мен қимыл, форма мен әдіс үйлесімін бере білген қала тарихындағы алғашқы мектеп - Есбол Өмірбаев орта мектебінің оқушылары 1-орынды жеңіп алды. Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясы 2-орынды, Форт-Шевченко мектеп-лицейі мен М. Горький атындағы меткеп-лицейі 3-орынды иеленді.
- Соңғы кезде жастар арасында көптеп ұйымдастырылатын флеш-моб топтық биі тек жинала салып, ойда-жоқта бірлесе кете билейтін топтық дүние ретінде таныс. Бұл жолы біз флеш-мобты байқау ретінде өткізуді ұйғардық. Себебі, оған да ерекше дайындық жасау керек, топ өз қолтаңбаларын ұсынуы керек деп есептедік. Әр топ өзінің идеясы мен белгілі бір формасын ұсына отыра, осы би барысында таныта алады. Ең бастысы, флеш-моб ұжымшылдық пен ауызбірлікке, топта жұмыс жасауға үйрететін топтық жұмыс десек те болады. Жастарға ұнайды. Жастар қалайтын дүниені біз де ұсынуға дайынбыз, - дейді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Гүлшат Бөлтенова.
Гүлсім ҚАРЫМСАҚОВА
Сурет және бейнежазбаны түсірген Айдана МҰРАТОВА
https://www.youtube.com/watch?v=eOt5OGRXAtw