Нұрлан Ноғаев Қарақия ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
Алғашқы кездесу Мұнайшы ауылының тұрғындарымен өтті. Жиында ауыл әкімі Болат Бекмырзаев былтыр атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасады. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Сұрақтардың басым бөлігі кәсіп, ауыз су, жарық, абаттандыру, жол құрылысы және апатты үйлерге қатысты.
Аймақ басшысы көтерілген мәселелердің басымдыққа қарай дер кезінде шешілетінін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Біздің міндетіміз барлық қордаланған мәселелерді бірлесіп және жүйелі түрде шешу. Бұл жұмыста біз екі негізгі қағиданы – ашықтық пен әділдікті пайдаланатын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, жастар, ең алдымен, жастар тәжірибесі арқылы жұмыс жүргізіледі. «Менің алғашқы мамандығым» және «Мен жұмыс істеймін» бағдарламалары осы мақсатқа арналған. Ауыл, аудан әкімдері мемлекеттік бағдарламалар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыруы қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.
Одан әрі аймақ басшысы Жетібай ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл әкімі Қуаныш Асанов былтыр атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Облыс әкімімен кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау және азық-түлік бағасы мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы тұрғындардың толғандырған сауалдарына жауап беріп, мәселені бірлесіп шешуге шақырды.
Жетібай ауылында бүгінде 12,5 мың адам тұрады. Оның 3400-і мектеп жасындағы балалар. Ауылда 3 орта мектеп пен 3 балабақша, сонымен қатар 150 орындық емхана, 75 орындық аурухана бар. Сонымен қатар, ауылға екі жекеменшік медициналық орталық бар, 5 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. 2021 жылы «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 30 адам оқудан өтіп, сертификат алды. Кәсіп ашу үшін 12 ауыл тұрғынына 583 400 теңге көлемінде өтеусіз грант берілді.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев кейбір әлеуметтік және спорт нысандарының жұмысымен, мәселен, Мұнайшы ауылындағы «Айбас» бокс залының жұмысымен танысты. Жалпы ауданы 500 ш.м. 1 бокс және 1 спорт залы бар. Қазіргі таңда 80 бала білім алуда. Ол жеке кәсіпкердің қаражатына салынған.
– Былтыр Құланды ауылы тұрғындарының қаражатына шағын спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 7 жұмыс орны ашылып, онда 100-ге жуық жасөспірім бокс, қазақша күрес және қол күресі сияқты бірнеше секциялармен айналысуға мүмкіндік алды. Биыл жеке кәсіпкерлер есебінен Ералы стансасында шағын спорт залын салу да жоспарда бар, - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Қарақия ауданында 34 спорт залы, 39 спорт алаңы, 7 балалар мен жасөспірімдер ойын алаңы, 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 500 орындық стадион бар. Бұл спорт нысандарымен ауданның 16 мыңнан астам тұрғыны айналысады, яғни халықтың 43,5 пайызы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданады.