©
- Ақтаудағы «Азерсун холдинг» логистика және өндіріс кешенін жыл соңына дейін салып бітіру жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысы индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев мәлім етті.
«Біздің өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ақтау портын кеңейту барысында солтүстік бөлігі пайдалануға берілді. Биыл тағы екі жоба - «Азерсун холдинг» логистика және өндіріс кешенінің құрылысы мен «ҚазАзот» зауытының қуатын арттыру жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар басқа да, паром кешені мен қайық зауыттары сияқты логистикалық жобалар бар. Олар қосымша 1900 жұмыс орнын ашады және мұнай саласынан шығарылған қызметкерлерді жұмыспен қамтиды», - дейді ол.
Аталмыш жоба Маңғыстау облысындағы сауда орталықтарына таратылатын азық-түлік тауарларын, жеміс-жидек пен көкөністерді сақтауға арналған. Жоба 2013 жылы алғаш рет қолға алына бастаған болатын.
«Қуаты бойынша аталмыш кешен 1000 тонна өнімді өңдей алады. Ол заманауи типтегі үлкен қойма деуге болады. Онда жемістің өзі 3 айға дейін сақтауға қауқарлы қазіргі заманғы технологиялар орнатылуда», - деп атап өтті Қарасаев.
Айта кетейік, бұл кешенді Ақтау портында «Azersun Holding» әзербайжандық компаниясы салып жатыр.
ҚазАқпарат