Ақтауда жүк көлігінің жүргізушілері өңірдегі дизель отынының тапшылығына шағымданады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отбасын бір ғана көліктің табысымен асырып отырған олар кейбір бекетте ғана талонмен сатылатынын айтады. Ал қолма-қол ақшаға дизель отынын табу мүмкін емес деп отыр.
Дизельді 240 теңгеден әрең тауып жатырмыз. Бекеттерден қалаған уақытыңда құйып кетсең жақсы болар еді. Бір-екі май құю бекетінен аламыз. Ол жақта да таусылып қалуы мүмкін, кейде жоқ болады, дейді көлік жүргізушісі Олжас Әшіров.
Бірер күн бұрын литрін 210 теңгеден алдым. Ал бүгін еш жерде дизель жоқ. Мысалы, жақын маңдағы жердегі бекетте 199 теңгеден болған, одан кейін 206 теңге болып кетті. Нарықта бір қызық ойын болып жатыр. Әр ай сайын дизель қымбаттайды. Жағдай қиындап барады, дейді көлік жүргізушісі Бекбаулы Сүйінов.
Маңғыстау облысында қазір 600 тонна дизель отынының қоры бар. Энергетика басқармасының бас маманы Жасұлан Бекболат ол қор ауылшаруашылығы мен жолаушы тасымалдайтын автобустарға беріледі деді. Оның өзі 4-ақ күнге жетеді екен.
Дегенмен, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Павлодардағы мұнай-химиялық зауыты күрделі жөндеу жұмысына байланысты 1 қазаннан бастап уақытша жұмысын тоқтатады деді. Ал тапшылықты болдырмау үшін қазан айында Ресейден 100 мың тонна дизель отынын импорттамақ.
Үкімет бензин, дизель отынының бағасын 2016 жылдан бастап реттемейді. Өйткені, жылдар бойы оны реттеп көрдік. Үкімет көбінесе нарықтың өзгеруіне байланысты жылдам шешім қабылдамайды. Үкімет тарпынан бір литр дизельдің бағасы 200 теңге болу керек деп сұраныс жасағаннан кейін отын импорты жаз айларынан бастап тоқтап қалды. Сондықтан, бағаны реттеу деген дұрыс емес деп ойлаймын, - деді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.
Әсет Мағауов дизель отынының бағасын бұдан кейін де төмендете алмаймыз деді. Өйткені, литрі 200 теңгеден аз болса бюджетке түсетін салықтың да көлемі азаяды дейді ол. Ал соңғы уақытта көрші елдерден келетін жүк көліктері шекараға жақын өңірден дизельді сатып алып отырған. Сондықтан, елдегі бұл отынға деген сұраныс бірден артып, күніне 16,5 мың тонна тұтынылған.
Махаббат Нұржанқызы