Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірдегі «Дарын» қосымша білім беру орталығында «Денсаулық – зор байлық!» деген атпен алғаш рет республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Шараны Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «25 игі іс» іс шаралар жоспары аясында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Екі күнге жоспарланған турнирге Қазақстан Республикасының пікірсайыс технологиясын меңгерген Астана, Алматы қалаларының және Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының 40-қа жуық жастары қатысты. Басты мақсат-жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және Маңғыстау облысы жастарының пікірсайыс технологиясы бойынша тәжірибе алмасу.
-Бұл шараны өткізу арқылы біз облыста пікірсайыс қозғалысын жаңартып, тәжірибие алмасу алаңын қалыптастырмақшымыз. Шараға 40-қа жуық пікірсайысшы, 20 команда, 10 төреші қатысуда. Шара аясында логикалық сұрақтар бойынша елімізге белгілі пікірсайысшы Уәлихан Тұрарбекұлынан шеберлік сабағы да өткізілмек. Турнирге белсене қатысып, жеңімпаз атанғандарға да бағалы сыйлықтар қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші орынға-150 мың теңге, екінші орынға-100 мың теңге, үшінші орынға-80 мың теңге және «Үздік спикерге» арнайы сыйлық табысталады,-дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының әлеуметтанушысы Нұрбек Утегенов.
Пікірсайыс бағдарламасында тұрғындар арасында әлеуметтік мәні бар аурулар, жарақаттану соның ішінде жол көлік апаты, жасөспірімдер жүктілігі, жастар арасында қауіп-қатер факторлардың алдын алу бойынша өзекті мәселелер талқылауға салынды. Мұнымен қоса шараға қатысушылар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
-Астана қаласында өткен студенттік жылдарымда республикалық деңгейдегі бірнеше пікірсайыс турнирлеріне қатысып, тәжірибие жинақтадым. Оқуымды бітіргеннен кейін Атырау қаласында пікірсайыс орталығын ашып, жұмысын жандандыру үстіндемін. Бүгінгі турнирге Атыраудан жастарды дайындап алып келдім, шәкірттерімнің дайындықтары жақсы. Жалпы медицина саласында өткізіліп отырған турнирге алғаш рет қатысып отырмын, бұл салада ортаға салып талқылайтын тақырыптар көп. Сондықтан да турнирден әділ төрелік, сапалы ойын күтемін. Жеңімпаздар қатарынан көрінеміз деген үміттемін,-дейді турнирге қатысушы атыраулық Абылай Құрметұлы.
Қатысушылар финалдық ойында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін талқылап, ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Тартысты өткен пікірсайыстың қорытындысында командалық есепте бірінші орынды ақтөбелік Еркін Сарин мен Айықан Байтілеуов еншілеп, «Технодом» сауда үйіне берілген 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Екінші орынды алматылық «НЛО1» командасының мүшелері Жансұлу Сейдазим мен Меруерт Бакиева жеңіп алса (100 мың теңгенің сертификаты), үшінші орынға атыраулық «Адам және сенатор» командасының мүшелері Құралбек Алдоңғаров пен Абылай Құрметұлы (80 мың теңгенің сертификаты) тұрақтады. «Үздік спикер» аталымы атыраулық Абылай Құрметұлына (20 мың теңге) лайық деп танылса, «Үздік төреші» аталымы қызылордалық Уалихан Тұрарбекұлына (20 мың теңге) бұйырды. Жеңімпаздарға кубок, диплом, сертификаттар табысталса, барлық қатысушыларға Маңғыстаудан естелік сыйлықтар және белсенді қатысқаны үшін алғысхаттар берілді.
Венера МИРЛАН