Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары БАҚ өкілдеріне тұмауға қарсы ресейлік вакцина неге таңдап алынғанын түсіндірді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан неге тұмауға қарсы ресейлік вакцинаны алып отыр? Оның Францияның немесе Нидерланд вакциналарынан артықшылығы неде? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне осындай сауал қойылды.
«Бюджет сатып алу процедураларының регламенті бар. Ол бойынша тіркеуде бар вакциналардың бәрі конкурсқа қатыса алады. Соның ішінен бағасы ең арзан таңдап алынады. Ол вакциналардың тиімділігіне тіркеуден өткені дәлел болады», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов.
Ал Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваның айтуына қарағанда, ресейлік «Гриппол+» вакцинасы талайдан бері өз тиімділігін дәлелдеген.
«Гриппол+» вакцинасы Қазақстан аумағында соңғы 5 жылдан бері қолданылып келеді. Біз оның тиімділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Медициналық қызметкерлер де оны қалай қолдану керектігін жақсы біледі. Мамандар нұсқаулығын толық игерген, сақтау шарттары мен тәсілі де етене таныс. Біздің медициналық ұйымдарда қолдануға барынша қолайлы», - деді сарапшы.