Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивті қалдықтарды рекультивациялау жұмыстарын жалғастыруды сұрады. Осы орайда олар Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баршамызға мәлім Кеңес Одағы кезінде Қазақстан территориясы әртүрлі жаңа технологиялар мен әскери қару-жарақтардың сынақ полигонына айналды. Соның ішіндегі ең ауыр зардаптар атом энергиясын пайдалану үшін жасалған жұмыстардың нәтижесінде болды. Семей сынақ полигонын айтпағанда, уран өндірісінің зардаптарын әлі күнге дейін көрудеміз. Әсіресе, 77 шаршы километр аумақты алып жатқан, «Қошқар Ата» ойпатында орналасқан әлемдегі ең үлкен радиоактивтік қалдықтар қоймасының экологиялық жағдайы, Маңғыстау үшін ең өзекті мәселе болып отыр. Онда жобамен 105 млн тоннадан астам уытты, оның ішінде 52 млн тоннадай әлсіз радиоактивтік қалдықтар орналасқан», - деді депутат Самат Мұсабаев.
Осы орайда ол бұл қойма тұрғындар денсаулығына кері әсеріп тигізіп жатқанын, тұрғындардың арасында онкологиялық және тағы да басқа аурулардың көрсеткіші өте жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан ғалымдарының «Қошқар Ата» қоймасының айналасындағы жануарлар мен өсімдіктерді зерттеу нәтижелері оларда мутациялық процесстердің бар екенін көрсетті.
«Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қойманы рекультивация жасау жөнінде тапсырма берген. Қалдықтар қоймасының жері 2012 жыл рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, радиоактивті қалдықтар шаң болып атмосфераға көтерілмес үшін, ашық қалған 45 шаршы километрдей жер 30 сантиметр топырақпен жабылатын болып шешім қабылданған. Бұл ең арзан және бүгінгі күні оңтайлы шешім еді. 2020 жылы осы жұмыстарға Маңғыстау облысының табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасы конкурс өткізіп, 15,5 млрд теңгені құрайтын жұмысқа мердігер анықталып, рекультивациялық жұмыстар жергілікті бюджеттің есебінен басталған болатын. Сонымен қатар, биылдың көктемінде бұл жобаға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Алайда, жақында өткен Маңғыстаудағы кездесулерімізде бұл жұмыстарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі негізсіз тоқтатып тастағаны белгілі болды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд теңге әлі күнге дейін жергілікті мемлекеттік органның есеп шотына аударылмаған», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, рекультивацияның тоқтап қалуы Маңғыстау тұрғындарының үлкен наразылығын туғызып отыр. «Қошқар Ата» ойпатындағы радиоактивтік қалдықтарды рекультивациялаудың әлеуметтік маңызының зор екенін ескере отырып, тез арада заласыздандыру жұмыстарын қайтадан бастау қажет.
«Ол үшін биылға бөлінген 1 млрд теңге тиісті мемлкеттік органға тез арада аударылсын және осы жобаны тоқтатқан лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қаралсын», - деді Самат Мұсабаев.