Өңірімізде АИТВ инфекциясымен тіркелетіндер жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Сондай-ақ бұл дерттің жастар арасында артып келе жатқаны да рас. Бұл жөнінде ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы профилактикалық және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Жамиля Махамбеткалиева хабарлады.
- Биылғы 1 жарты жылда Маңғыстау облысында АИТВ инфекциясымен 33 адам тіркелді, - деді ол.
- Олардың 29-ы Қазақстан Республикасының азаматтары, 4-і шет елдер азаматтары екені анықталды. 2020 жылғы осы мерзімде АИТВ инфекциясымен 21 адам тіркеліп, олардың 19-ы Қазақстан азаматтары болатын. Жалпы осы жылы АИТВ-мен тіркелгендер саны 12-ге, ал ҚР азаматтары арасында тіркелуі 10-ға артты. АИТВ инфекциясы Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған аудандарынан басқа, облыстың барлық аудан-қалаларында тіркелді. Бүгінде АИТВ инфекциясы бойынша жағдай өзгергенін және оның, әсіресе жастар арасында көбірек кездесетінін айтып өткен жөн болар. Тіркелгендердің 86,2%-ы 20-49 жас аралығындағы қыз-жігіттер болып отыр. Бір ерекшелігі, бұл инфекция әйелдерге қарағанда ер азаматтар арасында 3,1 есе жиі тіркеледі. Бұрын АИТВ инфекциясы жұмыссыздар арасында, яғни қоғамда белгілі орны жоқ адамдар арасында тіркелетін болса, қазір 51,7% жұмыс істейтін адамдар арасында анықталып отыр. Дені сау адамдар арасында тіркелгендіктен, АИТВ инфекциясы негізінен жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғатыны белгілі.
АИТВ инфекциясы анықталған адамдармен тексерілуге дейінгі және тексерілуден кейінгі кеңестер беріліп, адамдарға құқығы мен міндеттері, алдын-алу туралы түсінік жұмыстар жүргізіліп, жақын қатынастағы адамдары тексерілді. АИТВ-инфекциясы анықталған адамдар облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығында диспансерлік есепке алынып, тегін антиретровирустік ем қабылдауда. Елімізде АИТВ инфекциясы қадағаланады және адам ағзасында вирусты төмен деңгейде ұстап тұратын белсенді дәрі-дәрмектер бар. Алайда, осы кезге дейін аталған инфекцияға қарсы вакциналар мен ағзада вирусты толық жоятын дәрі-дәрмектердің шығарылмауы өкінішті. Дегенмен, әр адам өзінің денсаулығына жауаппен қарап, АИТВ-инфекциясы бойынша статусын білгені жөн. Ол үшін құпия, ерікті, тегін тексерілуден өтуге болады. Ол үшін тұрақты мекен жайы бойы бойынша тіркелген емханада немесе Ақтау қаласындағы 3 шағынаудан, 170-ғимаратта орналасқан облыстық ЖИТС орталығына келіп, тексерілуге болады. АИТВ инфекциясы бойынша сұрақтар туындаған кезде 50-40-49 сенім телефонына немесе орталықтың www.antispid.kz сайтына хабарласуға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА