«Antikor» орталығында жол сапасына қатысты бақылау жүргізу мәселесі бойынша жұмыстық кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесуге басшының бірінші орынбасары Қ.Мырзағали, «Маңғыстау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Д.Үсіпбаев, жол саласына қатысты органдар мен құзырлы мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Жетібай мен Шетпе селосы арасындағы тас жолдың сын көтермейтін жағдайы, жүк көліктерінің шамадан тыс салмақпен жолды бұзуы, қиыршық тас кен орындарының жүк жөнелту құжаттарынсыз артық жүк артуы, көліктік бақылау инспекциясының заңбұзушылықтар бойынша құзыреті сияқты мәселелер талқыланды.
Кездесу соңында тараптар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жол мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау бағытында бірқатар тапсырма берілді.