Ақшұқыр ауылының тұрғындары "Ашық әкімдік" кеңсесінде жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің және білім бөлімінің қызметтерін алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сондай-ақ кеңседе өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы мен шағын балалар ойын алаңы бар.
Бұған дейін "Адалдық алаңы" жобасы аясында үлкен аудан, қала орталықтарында "Ашық әкімдік" кеңсесі ашылған еді. Халық көп шоғырланған елді мекендерде де "Ашық әкімдік" кеңсесін ашамыз деген жоспар болған. Сол жоспардың бастамасы міне Ақшұқыр ауылында жасалып жатыр. 18 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға қолжетімділік болу үшін ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында сервистік әкімдік жобасын іске асырып жатырмыз, - деді "Маңғыстау - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Дайрабай Мамашұлы.
Айта кетейік бұған дейін Маңғыстау облысы бойынша 7 "Ашық әкімдік" кеңсесі ашылған.
Бүгін ашылып жатқан ашық әкімдік халыққа өте ыңғайлы. Енді 100 шақырым жердегі Форт-Шевченко қаласына барып жүрмейміз. Осы бастаманы қолға алған барша азаматқа алғыс айтамыз. Ашық әкімдік халыққа жақсы қызмет көрсете берсін, - дейді Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Нұрым Бөлекбаев.
"Ашық әкімдік" кеңсесі Ақшұқыр ауылының әкімдігінің ғимаратында орналасқан.
Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма, 9.00-18.30 (түскі үзіліс 12.30-14.00)
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын