"Ақ жол" демократиялық партиясы былтыр көктемде Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай "Әр - қазақ менің жалғызым" атты фотобайқау жариялаған болатын. Фотобайқауда маңғыстаулық фотографтар жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Байқауға республика бойынша 56 кәсіби фотографтар мен әуесқойлардан жұмыстар келіп түскен. Байқаудың соңғы кезеңінде қазылар алқасының шешімімен 21 автордың фотосуреттері іріктеліп, нәтижесінде маңғыстаулық Салауат Жәнібекұлы жүлделі 1 орын, ал, Сәби Майемеров 2 орын иегері атанса, Ізбасар Мағжанов “Тарих бедерінде” номинациясы бойынша марапатталды.
Жүлдегерлерді белгілі кәсіби фотограф Шүкірәлі Шахай және "Егемен Қазақстан" газетінің фотокоры Ерлан Омар, Мәжіліс депутаты, танымал публицист және кәсіби суретші Қазыбек Иса, партия Орталық кеңесінің танымал журналист кеңесшісі Арман Сқабылұлы және партия төрағасының орынбасары, депутат Берік Дүйсембиновтың қатысуымен анықтаған.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
“Бұл фотобайқауды жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданған. 2021 жылға арналған конкурстың шарттары мен тақырыбы жақын арада "Ақ жол" демократиялық партиясының ресми сайтында жарияланады”,- дейді "Ақ жол" демократиялық партиясының МОФ бас маманы Гүлмайса Шанбаева.