Бейнеу ауданындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатына Маңғыстау облысының іріктеу жарысы өтті. Бұл туралы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ынтымақ Божанов мәлім етті.
Оның айтуынша, додаға өңірдегі қала, аудандардан 5 командадан 90-нан астам спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша 34 спортшы жолдама алды. Оның ішінде 17 спортшы Алматы облысы Жаркент қаласындағы кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында және тағы 17 спортшы Ақмола облысы Шучинск қаласында өтетін кадеттер арасындағы ел чемпионатында Маңғыстау облысының намысын қорғайды.
«Бұл дода Бейнеу ауданында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, Маңғыстау облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Осындай бастамалар аймақтағы грек-рим және басқа да спорт түрлерінің дамуына зор ықпалын тигізеді» - деді Ынтымақ Божанов.