С.Трұмов азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша нақты шаралар ұсына алмаған басқарма басшысының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Биыл Маңғыстауда агроөнеркәсіп кешен саласында құны 8,1 млрд.тенгені құрайтын ірі инвестициялық 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін аппараттық жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл айтты.
1. «Астық» шаруа қожалығының қуаттылығы жылына 400 тонна (қияр, қызанақ) өнім өндіретін жылыжай кешенін 1 га кеңейту құрылысының жобасы. (Ақтау қаласы)
2. «Тайбурыл» шаруа қожалығының «жаңбырлатып суару әдісімен 5 га жерге жоңышқа егу» жобасы іске асыру жоспарлануда. (Жаңаөзен қаласында)
3. Жылына 200 тонна бау-бақша өнімдерін (қияр, қызанақ, және т.б. өнімдер) өндіретін «BS Строй» ЖШС-нің 1 га жылыжай кешенін құру жобасы (Маңғыстау ауданы)
4. «Сегізбай Ата» ауыл шаруашылығы Өндірістік кооперативімен ұн өңдеу цехы. Қуаттылығы жылына 960тонна ұн және 360 тонна кебек (жем). (Маңғыстау ауданы)
5. Жылына 15 000 тонна құрама жем өндіретін «Жамалбек» ЖШС зауыты (Мұнайлы ауданы)
6. «Полимер ПластАқтау» ЖШС-нің «Сүт өндіру» цехы іске асыру жоспарлануда. (Мұнайлы ауданы)
7. ИП «Сармурзина» азық-түлік қоймасы іске қосу жоспарлануда. (Мұнайлы ауданы)
8. «ЖК Абдуллаева» 1 га құрайтын жылыжай кешені салу жоспарлануда. (Мұнайлы ауданы)
9. «АқтауАгро» ЖШС-нің құс еті – жылына 5 мың тонна өндіруді жоспарлап отырған құс фабрикасының жобасы. (Түпқараған ауданы)
10. ЖК «Western Complex» құс жұмыртқасын өндіретін инкубациялық цехы ашылу жоспарлануда. (Түпқараған ауданы)
11. Түпқараған ауданында орналасқан «Хамзин» ЖК гидрапоника арқылы маз азығын дайындау жобасы. (Түпқараған ауданы)
Жоғарыда аталған жобалар іске асқанда 224 жаңа жұмыс орын ашылады деп күтілуде. Сондай –ақ, 5 мың тонна құс еті, 15 мың тонна құрама жем, 13,2 тонна гидропоника арқылы шөп, 40 тонна жоңышқа, 240 тонна сүт өнімі, 960 тонна ұн, 360 тонна кебек жем, 200 000 мың данаға дейін жұмыртқа және жоспарланған 7 гектар жылыжай алаңы іске қосылып, 1 350 тонна бақша-өнімдерін алу жоспарда бар.
Облыс әкімі аталған жобалардың уақытында іске қосылуын ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына қатаң тапсырды.
Өңір басшысы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасының уақытылы орындалмай жатқанын айтып, жауапты азаматтардың жұмысын сынға алды.
«Бұл бағдарлама өнім көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Сондықтан бұл міндеттер аудан әкімдерінің негізгі атқаратын жұмыстары болуы тиіс. Аталған бағдарламаның жүйелі орындалу мен уақытылы іске асуы менің жеке бақылауымда болады. Жұмыстарыңызды осыған байланысты бағалаймын»- деді С.Трұмов.
Сонымен қатар, аппараттық жиында аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша нақты шаралар ұсына алмаған Кәсіпкерлік және сауда басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұқанбетжан Көбегеннің жұмысын сынға алды. Аталған басқармаға қанағаттандырарлық деген баға беріп, алдағы уақытта сауда орындарына рейдтік жұмыстар жүргізіп, қала тұрғындары үшін жиі жәрмеңке ұйымдастыруды, тауарөндірушілермен келіссөздер жүргізуді тапсырды.
Жиын барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұханов Жаңаөзен қаласында бүгін екі адамның табиғи газдан уланып қайтыс болғаны жөнінде ақпарат берді. С.Трұмов департамент басшысына тұрмыстық газды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау керектігін тұрғындарға түсіндіріп, рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды.
«Адамның өмірі маңызды қала, аудан әкімдіктерімен бірге осы бағыттағы жұмысты күшейтіңіздер», - деді С.Трұмов.