"Мен өмірді таңдаймын" онкүндігі аясында Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасында семинар өтті. Семинарды "Үміт" қалалық психологиялық орталығының директоры Елена Игина жүргізді. Бұл туралы Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы капитан Нұрбол Шалабаев хабарлады.
Іс-шара әскери бөлімдер психологтарының құзыреттілігін арттыруға, тұлғааралық және отбасылық жанжалдардың алдын алуға бағытталған.
Оған әскери қызметшілердің әйелдері, тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі офицерлер, әскери бөлімдердің психологтары, әскери полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
- Көбінесе оқиғалардың себебі отбасылық-тұрмыстық проблемалар, қаржылық қиындықтар, сондықтан біз әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс істейміз, оларға психологиялық қолдау көрсетеміз, кеңестер мен ұсынымдар береміз. Мұндай тәсіл отбасын нығайтуға, амандық пен өзара түсіністікті сақтауға ықпал етеді, - деп атап өтті теңіз жаяу әскерлері бригадасы командирінің орынбасары подполковник Ерлан Нұралин.