Бүгін облыс әкімі Жаңаөзен қаласына іс-сапармен барып, "ҚазГӨЗ" зауытының бүгінгі жайымен танысты. Зауыт басшысының айтуынша, кәсіпорын бүгін түнде толықтай жұмыс істей бастайды.
“ҚазМұнайГаз” компаниясы қазір зауыт жанынан жаңа газ өңдеу зауытының жобасын жасауға кірісті. Күні кеше Мемлекет басшысы да бұл зауыттың құрылысын тездетуді тапсырды.
Сапар барысында облыс әкімі Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, қаладағы өзекті мәселелерді талқылады. Депутаттар қалының дамуына қатысты мәселелерді ортаға салып, әкімге ұсыныстарын жеткізді.
С.Трұмов Рахат ауылындағы аудандық маңыздағы «Жаңаөзен әуежайы» автокөлік жолының жөндеу жұмыстарын, «Шаңырақ» шағынауданындағы жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы мен Қызылсай ауылдық амбулаторя құрылысының жұмыстарымен танысты. Аталған жобалар белгіленген кестеге сай жүруде.
Қызылсай ауылында 7 500 тұрғын бар. Оларға қызмет ететін амбулатория биыл тамызда іске қосылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, осында жұмыс істейтін дәрігерлерге тұрғын үй дайындалып қойған. Тек әкімнен УЗИ мен рентген аппаратын алып беруді сұрады. Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, қажетті аппараттарды алуға көмектесетінін айтты.
Облыс әкімінің бастамасымен іргетасы қаланған жаңа Кендірлі ауылында алғашқы әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ауылда 300 орынды мәдениет үйі мен 45 орынды кітапхананың құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде қос ғамараттың құрылысы 85% аяқталған.
Сондай-ақ, «Шұғыла» шағын ауданындағы 6,7,8,9 үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. С.Трұмов аталған нысандарды аралап көріп, жауапты мамандарға жұмыстың сапасына мән беруді және белгіленген уақытында аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, 16 маусым күні зауыттың сыртқы жылу ауыстырғыш аумағының К-900 компрессор цехы өртенген болатын.