ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына қатысты өз болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін шамамен 10 млн адамға екпе егу керек. Мұнша адамға барлық вакцина дозасы қолжетімді болса да, 1-2 айда екпе сала алмайтынымызды түсіну керек. Сондықтан, уақыт шегеріп, жылдың соңына тіпті 2022 жылға да кетуі мүмкін. Сондықтан, осы аралықтың бәрінде маска тағу қажет», - деді Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте тілші сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, вакцина алған адамның өзінде де иммунитет ең кемі 1,5 айда қалыптасады.
«Дозалық күнтізбеге сүйенсек, антиденелер шамамен 12 күнде пайда болады, екінші дозаны алған соң, тағы 3-4 апта қажет болады. Яғни, иммунитет қалыптастырудың өзіне шамамен 1,5 ай қажет. Оның үстіне иммунитет барлық адамда қалыптаспайды, деректерге сүйенсек, 5 пайыз адамда иммундық жауап түзілмеді. Бұл адамдар да қорғаусыз болады. Сондықтан, ұжымдық иммунитет жасамайынша, коронавирус инфекциясынан қорғалғанымызға көз жеткізбейінше, маска тағуды жалғастырамыз», - дейді А. Есмағамбетова.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният халықтың 60 пайыздан астамы вакциналанып, ұжымдық иммунитет қалыптасқанда маскасыз жүруге болатынын айтқан еді.