Ақтаулық Нұржан Мұсаев он саусағынан өнер тамған шебер. Ол ағаштан 1000-нан аса бұйым жасап шығарған. Бұл туралы Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрдың әртісі Нұржан Мұсаев әсіресе домбыра жасауға машықтанған. Ол сүйікті ісін 20 жыл бұрын бастаған. Хоббиі арқылы табыс тауып отыр. Ою-өрнектерін де қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай өзі сызады. Ол жасаған аспапқа өңірдегі күйшілерден бөлек, еліміздегі өнерпаздардың да ықыласы ерекше.
«Домбыраны елдің дәстүрлі әніне, күйдің сазына сәйкестіретін шебер сирек. Бірақ, Нұржан бауырымыздың қолынан шыққан бұйым бөлек. Дыбысы таза, үні кең шығады. Пернесінен төгілген әуен әр жанды елең еткізбей қоймайды. Бұл өте бапты, бақты, мақтауды қажет қылады. Мен інімді мақтан тұтамын. Төрімде ол жасаған домбыра тұр», - дейді ҚР мәдениет қайраткері Бауыржан Сатыбалды.
Шебер бір аспапты жасауға кейде 10 күн жұмсаса, кейде 6 айға дейін жұмсайды екен.
«Бұл шабытқа байланысты. Ең бірінші домбыраны мойнынан бастайды. Одан кейін шанақты құрайсың. Мойынның өзі де 3 түрлі. Ортасына ішектерді майыспас үшін саласың. Одан кейін басы, сосын накладка деген бар. Қақпағын жабыстырасың, тазалау керек», - дейді Нұржан Мұсаев.
Сондай-ақ, ол домбырада да жақсы ойнайды, «Үкілі домбыра» байқауынан бас жүлде иеленген.