ҚР Парламенті мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда «Nur Otan» партиясы сайлаушылардың 71,97 пайыз дауысын иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық пікір институты 10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама - Еxit poll жүргізді. Институттың интерверлері 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді. Оның ішінде - 316-сы қалада, 284-і ауылда. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын, барлық облыс орталықтарын, аудандық маңызы бар қалаларды, шағын қалаларды және ауылдық елді мекендерді қамтыды. Күні бойы сауалнаманының 4 толқыны өткізілді. Нәтижесінде 24 мың сайлаушыға сауалнама жүргізілді. Сауалнама қателігі 2 пайыз шамасында. Сауалнама жүргізу жұмысына 600-ден астам интервер атсалысты», - деді «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның дерегінше, респонденттердің 5,75 пайызы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, 71,97 пайызы «Nur Otan» партиясына, 3,07 пайызы «ADAL» саяси партиясына, 10,18 пайызы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына, 9,03 пайызы «Қазақстанның Халық партиясына» дауыс берген.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес кандидатты қолдап дауыс беруге қатысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижесін, болжамдары мен өзге де зерттеулер дауыс беру күнінде жариялауға рұқсат етілмейді. Яғни, нәтижелері дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана жариялануы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, Конституциялық мерзімге сай өткен Мәжіліс сайлауында елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да кандидаттарын ұсынған.
Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар.
Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелген.