Бүгін ҚМДБ «Зекет» қорының Маңғыстаудағы филиалының ұйымдастыруымен бүгін «Ел үлесі – пәтерге» акциясының аясында 5 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Құрмет» орденінің иегері, Ел анасы атанған «Батыр ана» Әбдімәлікқызы Бибі-Жамал апамыздың ұрпақтары аналарының қырық күндігіне орай Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы 3 отбасыға, Ақтау қаласында 2 отбасыға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Атап айтқанда, 4 пәтер 4 мұқтаж отбасыға бұйырса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай шалғай ауылдардағы 30 дін қызметкерін баспанамен қамтамасыз ету шарасы аясында үш бөлмелі пәтердің кілті Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Жеңіс Селеубайға табысталды.
Қайырымдылық шарасына ҚМДБ-ның Маңғыстау өңірі бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, батагөй қариялардың бірі Лепес қажы Қосмағанбетұлы арнайы қатысып, баспаналы болып жатқан отбасыларға ақ батасын беріп, бақ-береке тіледі.
Сонымен қатар "Бекет ата" мешітінің ұйымдастыруымен қолға алынып отырған "Қайырымдылық керуені" атты қайырымдылық шарасы аясында 350 мұқтаж отбасына азық-түлік таратылды. Азық түлік облыстағы бес аудан, Ақтау және Жаңаөзендегі мұқтаж отбасыларына теңдей бөлініп берілді.
Сондай-ақ, Бибі-Жамал апамыздың ұрпақтары күллі қазақтың қадір тұтатын киесі, қожа Есмәмбет ата әулие жатқан жерге дейін жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жол салып берді.
Айта кетейік, игі шара тек өңірімізде ғана емес, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінде өткен қайырымдылық шарасы аясында 6 300 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
Фотоларды түсірген Талант ҚҰСАЙЫН