Бұл туралы Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Керек Нұрсебепов пандемия кезінде кәсібі уақытша тоқтап қалғандықтан, ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап бастаған.
Қолөнер бұйымдарымен кәсіп ретінде айналыспақ болған ағаш шебері әкімдіктен қаржылай қолдау сұрайды.
«Керек Нұрсебепов 14 тамыз күні өткен онлайн жеке-қабылдауыма хабарласып қолдау сұраған болатын. Онлайн қабылдаудан кейін тұрғынның үйіне барып кәсібімен таныстым. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау білдіруге біз қашан да дайынбыз», - деп мәлімдеді аудан әкімінің орынбасары Сымбат Төретаев.
Жеке кәсіпкер туындыларын өзінің ауласында орналасқан шағын цехта жасайды. Онда заманауи станоктар мен ою-өрнек салатын арнайы құрылғылар бар.
«Жетібай ауылының тұрғындарынан ағаш бұйымдарына тапсырыс қабылдап, отбасымды асырап отырмын. Аудан әкімінің орынбасары Сымбат Қуанышұлы өзі келіп, кәсібіммен танысып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант ұтып алуға мүмкіндік бар екенін айтты. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, 2-3 адамды жұмыспен қамтып, арнайы ғимарат салғым келеді», - деді жеке кәсіпкер.
Айта кетейік, 2019 жылы Қарақия ауданы бойынша 50 тұрғын 192,1 млн теңге мөлшерінде төменгі пайызбен несие алған. Оның ішінде 39 азамат 133,9 млн теңге көлемінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан», 11 азамат 58,3 млн теңге мөлшерінде «Атамекен МикроҚаржы» серіктестігі арқылы несие алған. Нәтижесінде 50 жұмыс орны құрылды. 2020 жылы аталған бағытта 50 грант бөлінді. Бүгінгі таңда өтінімдер қабылдау жүріп жатыр.