Бүгін Ақтау қалалық әкімдігінің инстаграмм парақшасында "Карантин жағдайында Құрбан айт рәсімін өткізу" тақырыбында тікелей эфир өтті. Оған қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев, "Зекет" қорының өкілі Іздібай Қобланов, Ақтау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Сымбат Балмұханова, Ақтау қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Нұрберген Мамутов, Ақтау қалалық полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторлар бөлімшесінің бастығы Еркін Елеусізов қатысты.
Биыл құрбан айтты тойлау 31 шілде, 1, 2 тамыз күндеріне сәйкес келіп отыр. Жыл сайын құрбан айт мейрамы мешітте жамағатпен аталып өтілетін. Ал, биыл пандемияға байланысты енгізілген карантин жағдайында топ болып жиналуға тыйым салынған.
"Шектеу шаралары 2 тамызға дейін созылуына байланысты қалалық мешіт жабық тұрады, 31 шілде күні құрбан айт намазы оқылмайды", деді бас имам Қайрат Маманбаев.
Сондай-ақ, биыл алғаш рет онлайн түрде (қашықтықтан) құрбан шалу жүйесі іске қосылды. Аталған тәсіл мұсылман елдерінің кейбірі Малайзия, Түркия, БАӘ сияқты қолданылған. Осыған байланысты ҚМДБ карантин кезеңінде 2020 жылғы 24 шілдеден бастап елімізде «qurban2020.kz» cайтын іске қосты.
Бұл жоба аясында биыл құрбандық шалу шаралары қашықтықтан жүзеге асырылады. Ауылдарда жеке тұрғын үйдің болуына байланысты сайт жұмысы негізінен қала және аудан тұрғындарына арналады. Құрбан шалуға өтінім беру үшін әр тұрғын жеке мәліметтерін, малдың түрі мен санын және кімнің атынан құрбан шалынатынын толтыру қажет. Қажетті төлем мөлшері көрсетіледі. Осы сайтта мұқтаж жандар да құрбан шалу малын алуға өтінім бере алады. Ол үшін жеке бас мәліметтері мен материалдық жағдайын растайтын құжаттарын ұсыну керек.
Жобаны жүзеге асыру үшін облыс орталығында арнайы мал бауыздайтын қасапхананы анықтау және ашу, құрбандық етін сақтайтын қоймалар мен тоңазытқыштармен қамтамасыз ету мақсатымен (промзона аумағында) «Құрық Строй Сервис» ЖШС-нің мал сою цехы белгіленді. Сондай-ақ, қала ішінде 2 ("Елнар" және "Нұр") мал сою пункттері жұмыс істейді. Барлығы да санитарлық ережелерді қатаң сақтап, келушілер мен қызметкерлер маска киіп, 1,5-2 метр арақашықтықты ұстап, антисептик қолдануды жүзеге асыру керек. Сонымен қатар аталған нысандарда полиция және әкімдік қызметкерлері тәртіпті бақылайтын болады.