Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау облысы Бас Санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес облыс бойынша 20.07.2020 жылдан бастап карантин деңгейінің күшейтілуіне байланысты қоғамдық көліктер толықтай тоқтатылған болатын. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғындардың жеке көліктермен жүруіне немесе такси қызметіне жүгінуге рұқсат беріліп отыр.
Карантин уақытында такси қызметінің құнын көтермеу мақсатында «Халыққа көмек» штабының бастамасымен, Ақтау қалалық әкімдігі қызметкерлері және қалалық мәслихат депутаттары қала бойынша қызмет атқаратын 6 заңды тіркелген такси ("Сұңқар", "ВИТ", "Нұрлы жол", "Удача", "Стар", "Круиз") қызметінің басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында әлемді жайлаған індеттің салдарынан өңірде енгізілген карантин шектеулеріне байланысты қоғамдық автобустардың жұмысы тоқтатылғандығы, осыған байланысты тұрғындардың такси қызметінің жолақысы қымбаттағаны туралы шағымдар жиі түсетіні туралы айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 6 такси қызметінің басшыларымен меморандумға қол қойылып, жолақы құнын қала бойынша 350-450 теңге аралығында ұстауға келісім жасалды.