Мұнайлы ауданының бір топ белсенді азаматтары мен кәсіпкерлері де «Халыққа көмек» қоғамдық штабының Үндеуін қолдап, аудандағы коронавируспен күрес шараларына қол ұшын созуда.
Кеше Басқұдық ауылының кәсіпкерлері біріге отырып, аудандық провизорды екі тонна жеміс-жидек, 15 литр шұбатпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, екі кір жуу машинасын, бір бу, бір қол үтігін және екі үтік тақтайын аурухана мен провизорға табыстады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер облысқа қарасты жедел-жәрдем көліктеріне 4 шина дөңгелек тарту етті, делінген штаб таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, қоғамдық штабтың аудандағы өкілі, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС өндірісті қамтамасыз ету базасының (ӨҚЕБ) бастығы, Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаты Сәдуақас Битан мырзаның ауруханаларының маңайында сенбілік өткізу бастамасын қолдаған бір топ жастар аулаларда тазалық жұмыстарын ұйымдастырды.
Мұндай қайырымдылық эстафетасын енді ауданның өзге де ауылдары жалғастырмақ.