Елімізде өршіген жұқпалы індет біздің облысымызға да оңай соғып тұрған жоқ. Пандемия медицина қызметкерлері үшін үлкен сынақ болды. Әсіресе, жедел жәрдем қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
- Облыс бойынша бір ауысымда 265 жан, ал, Ақтау қаласында 74 қызметкер жұмыс істейді. Шақыртулар өте көп, мамандарға оңай емес. Жедел баруға тырысамыз, дегенмен, науқастардың көбеюіне байланысты, үлгере де алмай жатырмыз. Қызмет барысында ауру жұқтырып, сырқаттанып қалғандар да бар. Жедел жәрдем қызметкерлері өз жұмыстарын адал да жауапты атқарып жатыр,-дейді облыстық жедел жәрдем стансысы директорының м.а Айларбек Шыршықбаев.
Бір ауысым 24 сағатқа созылып, сосын фельдшерлер 3 күн демалады екен. Қазіргі күрделі кезеңде бірқатар дәрігерлер өз демалыстарында ерікті ретінде жұмыс істеуде көрінеді. Бүгінгі күннің батырлары атанған ақ халаттыларға «Аман» супермаркетінің демеушілігімен сусындар, айран, тәтті бөлкелер мен жеміс-жидектер жеткізілді.
- Облыс басшыларының ұсынысымен, жедел жәрдем қызметкерлерінің қазіргі кездегі қиын да жауапты қызметін ескеріп, демеушілік көрсетіп, тағамдар әкеліп тұрмыз. Дәрігерлердің ерен еңбегіне алғыс айта отырып, жұмыстарына сәттілік, жүректеріне сабырлылық пен шыдамдылық тілеймін. Әлеуметтік жауапкершілігімізді сезініп, қажет жерінде кез келген игі шараға қатысатынымызды айтқым келеді,-дейді «Аман» супермаркетінің өкілі Андрей Джакандыков.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне бұған дейін бетперделер, қолғаптар мен алғашқы медициналық көмекке қажетті құрал-жабдықтар тапсырылған болатын. Сондай-ақ, жедел жәрдем көліктеріне тапсырыс берілген.