Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров төтенше жағдай кезінде, коронавирус індетінің алдын алу мен таралуын болдырмау үшін құрылған арнайы штабтың карантин кезінде санитарлық эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар орындалғанын мәлімдеді. Осы кезеңде Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес Рахат, Теңге және Қызылсай ауылдарында халық көп шоғырланатын орындарда, мекемелерде, саябақтар мен скверлерде, көше бойлары мен аялдамаларда, сондай-ақ көп қабатты тұрғын үйлердің дәліздері мен жертөлелерінде жалпы аумағы 4 млн. шаршы метр жерге дезинфекция жұмыстары жүргізілген.
Ең алдымен, COVID-19 коронавирус инфекциясы тарала бастаған сәтте қала аумағында
орналасқан дәріханаларда бетперде жетіспеушілігі болған. Бұл мәселені шешу мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен кәсіпкерлер мен «Жанарыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесе 186 728 көп реттік пайдаланатын бетперде дайындап, қалада орналасқан кәсіпорындарға келісімшарт арқылы табысталып, бетперделер дәріханаларға сатылымға шығарылды. Сонымен қатар белсенді жастар мен еріктілер арқылы 22 663 бетперде мүжәлсіз отбасыларға тегін таратылған.
«Медицина, полиция басқармасының, төтенше жағдайлар бөлімінің, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін бетперде, антисептик, ғимаратқа арналған дозаторлық санитайзерлер, теплометр, тепловизор қорғаныш құралдарымен қамту және қала мен оған іргелес елді мекен аумағына дезинфекциялық жұмыстар жүргізу үшін жергілікті бюджеттің кезек күттірмейтін шығындары есебінен 49,0 млн.теңге қаржы бөлініп, осы құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі таңда, қала мен оған іргелес Рахат, Теңге және Қызылсай ауылдарында орналасқан 37 дәріханада бетперделер сатылымда бар. Ал мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қала әкімдігінің резервінде 1000 дана бетперде сақтаулы», – деді М.Ибағаров.
ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров сонымен қатар төтенше жағдай кезінде жұмысы мен кәсібінен, кіріс көзінен айырылған тұрғындарға әлеуметтік көмектер ұдайы берілгенін атап өтті.
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қолдау көрсету мақсатында, «Nur Otan» партиясы ЖҚФ «Біз біргеміз» акциясы аясында, 1011 отбасына тегін азық-түлік өнімдері қамтылса, 5 331 отбасына 50 000 теңгеден қаржылай көмектер көрсетілген. Жаңаөзен қаласы орталық «Әбіш Қожа» мешіті және «Халық» қайырымдылық қоры арқылы тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж 364 отбасына тегін азық-түлік жиынтықтары табысталды.
«Төтенше жағдай кезеңінде жұмысы уақытша тоқтаған 43 528 адамның есеп-шоттарына 2 ай қатарынан 42 500 теңгеден аударылды. Мүмкіндігі шектеулі отбасылардың коммуналдық шығындарына 15 000 теңгеден өтеу үшін Үкімет белгілеген санаттарға сәйкес қала бойынша 6 000 адамға қаржы төлеу белгіленді. Бүгінгі таңда, 5 725 адамнан өтініш келіп түсіп, қаржылары есеп-шоттарына аударылды. Қалған 275 адамның өтініштерін қабылдау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр», – деді ол.
ЖҰМЫС РЕЖИМІ ӨЗГЕРДІ
Жаңаөзен қалалық штабының шешімі негізінде наурыз айынан бері қала аумағында орналасқан мемлекеттік мекеме мен оған қарасты кәсіпорындардың 2 512 қызметкері, ал өндірістік кәсіпорындарда қашықтан жұмыс жасау режиміне 1 008 адам ауыстырылған.
Сонымен қатар «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан жұмысшылар автобекетінде адамдардың көп шоғырлануын болдырмау мақсатында қосымша автобекеттер ашылып, автобекеттерде күнделікті санитарлық дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп келеді.
БЛОК БЕКЕТ ҚАЙТА ҚОЙЫЛДЫ
Елімізде төтенше жағдай басталған кезеңнен бері коронавирустың алдын алу және карантин режимі кезінде азаматтардың қозғалыстарына шектеу қою мақcатында Жаңаөзен–Ақтау, Жаңаөзен–Кендірлі, Рахат–Қызылсай, Жаңаөзен–Қарамандыбас–Жетібай бағыттарындағы тас жолдарға 4 санитарлық блок бекеттер орнатылып, олар 31 мамыр күні карантин режимінің жеңілдетілуіне байланысты алынып тасталған еді. Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитарының 24 маусым күні шыққан жаңа қаулысына сәйкес Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданының аумағында карантин режимі қайта күшейтіліп, аурудың көптеп таралуына байланысты 25 маусым күні сағат 00:00-ден бастап блок бекеттер қайта қойылды.
АҚПАРАТТАНДЫРУ ҰДАЙЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Қала әкімі Мақсат Ибағаров тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі жөнінде ұдайы ақпарат-тандырып келе жатқанын да мәлім етті. Коронавирус індетінің алдын алу, халықтың арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу мақсатында жергілікті телеарна, «Жаңаөзен» газеті және Жаңаөзен қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы күні бүгінгі жағдай бойынша 42 226 материал жарияланған.
Сонымен қатар «Бөкен», «Шаңырақ» базарлары, «Мұнайшы» МҮ, «Жаңаөзен», «Жібек жолы» базарларында дыбыс ұлғайтқыш құрылғылар және қосымша арнайы төтенше жағдай бөлімінің автокөліктері арқылы қала және Рахат, Теңге, Қызылсай ауылдарында жылжымалы түрде күнделікті қаланың барлық көшелеріне дыбыстық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ инфекцияның таралуын болдырмау үшін 5 000 дана жадынама, 5 000 дана көп реттік пайдаланылатын бетперделер тегін таратылған.
«Карантин режимі кезінде қала және ауыл тұрғындарынан келіп түскен сауалдарға жедел түрде жауап беру, халықпен кері байланыс орнату мақсатында қала, ауыл әкімдіктерінде және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде Cаll-орталықтар құрылды. Cаll-орталықтар таңғы сағат 07.00-ден түнгі сағат 23.00-ге дейін тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырды. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда. Жалпы наурыз айынан бері төтенше жағдай және карантин талаптарының сақталуы, қалаға кіріп-шығу қозғалысына рұқсат алу, отбасылық шаралар өткізу тәртібі тағы басқа мәселелерге қатысты барлығы 2 313 сұрақ түсіп, барлық сауалдарға жауаптар берілді»,– деді қала басшысы.
КӘСІПТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ШЕКТЕЛДІ
Жаңаөзен қаласында жалпы саны 630 шағын кәсіпкерлік нысан орналасқан. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде 509 нысанның жұмыс уақыттары шектелген.
Сонымен қатар 3 кинотеатр мен 2 сауда ойын-сауық орталығындағы балалар ойын алаңдарының және 10 компьютерлік клубтарының жұмыстары уақытша тоқтатылған. Жалпы алғанда, қала бойынша 8 базар, 12 құрылыс дүкені, 37 шаштараз, 10 компьютерлік клуб, 3 кинотеатр, 2 сауда ойын-сауық орталығы, бір мал базары және 5 мал сою нысаны, 17 супермаркет, 410 азық-түлік дүкені, 37 дәріхана, 39 кафе-бар мен 34 тойхана орналасқан.
Төтенше жағдай және карантин кезеңдерінде қала әкімінің орынбасарларының жетекшілігімен мобильдік топтар құрылып, шағын аудандарға жауапты мекемелер бекітілді.
КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН 569 АДАМ АНЫҚТАЛДЫ
Бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай режимі мен карантиндік талаптарды бұзған 569 адам анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 476-бабына сәйкес материалдар толтырылып, сот арқылы шешімдері шығарылған. Жалпы алғанда 404 адамға әкімшілік шара қолданылып, 165 адамға ескерту берілді.
«Мобильдік топтар шағын және орта кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындарда санитарлық талаптардың сақталуын күнделікті тексеріп отырады. Бүгінде 34 мейрамханада жоспарланған 109 шара тоқтатылды. Жауапты мекемелер тарапынан шағын аудандарда отбасылық той-жиындарды тағы басқа жанұялық шараларды және жерлеу рәсімдерден өткізбеу туралы тұрғындарға күнделікті түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді», – деді Мақсат Ибағаров.
ХАЛЫҚТЫ ТӘРТІПКЕ ШАҚЫРАЙЫҚ!
Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров әлемді жайлаған індеттің бетін қайтару оңай еместігін айтып, тұрғындарды жалпы тәртіпке бағынуға, карантин талаптарына немқұрайлылық танытпауға шақырды.
«Құрметті жерлестер! Қадірлі жаңаөзендіктер, дана халқымыз «Елдік түбі – бірлік» дейді. Бұл індетті жеңу үшін ел болып бірігіп, жүрген жерімізде, ағайын-туманың, көршінің ортасында сақтық шараларды алу керектігін айтып, халықты тәртіпке шақырайық! Тек қана тәртіпке бағынып, көшеде бетперде тағып, антисептиктерді пайдаланып бұл індеттің жылдам таралуына тосқауыл қоя аламыз. Халық көп шоғырланатын орындарға, яғни той-жиындарға, басқа да шараларға баруды тоқтатайық. Өзіңізді және отбасы мүшелерін әлеуметтік тұрғыдан оқшаулауға шақырамыз. Дене қызуыңыз көтеріліп, өзіңізді жайсыз сезіне бастасаңыз дереу дәрігерлердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеміз. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, мемлекет тарапынан алынып жатқан профилактикалық шараларға түсіністікпен қарап, тәртіпке бағынып, жеке бас гигиенасын қатаң сақтауға шақырамын», – деді Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров.
Жайық НАҒЫМАШ