Биыл 15 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді.
Жалпы бұл жолғы заңдағы өзгертулер әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдарының көлемін азайтуға, әкімшілік шараларды төмен жазалауларға алмастыруға, ескерту түріндегі әкімшілік жазаларды қолдануды кеңейтуге бағытталған.
Тіпті әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірқатары мемлекеттік органдардың қарауына өтті. Мысалы, айналаны ластағаны не қоқысты белгіленбеген орынға тастағаны үшін Ішкі істер министрлігінің өкілі, яғни уческелік полицей азаматтарды енді сотқа сүйремей, өздері-ақ айыппұл салу не ескерту жазаларын тағайындай алады. Одан өзге, тағы 63 құқық бұзушылықтың құрамы соттың қарауынан алынып, мемлекеттік органдарға берілді.
Себебі елдің әлеуметтік хал-ахуалы арқылы экономиканы көтеруде азаматтарды артық шығынға ұшыратпай, еңбек етіп, табысты болуға толық мүмкіндік жасаудың маңызы зор.
Алайда жеке адамға, адамның өмірі мен денсаулығына қарсы құқық бұзушылықтар, көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін жауапкершіліктің күшейтілгенін де айта кету керек.
Бұл толықтырулар заңнамадағы кейбір құқықтық кемшіліктер мен қайшылықтарды жоюда.
Айнагүл Усербаева,
Бейнеу аудандық сотының судьясы